Семейге Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры «Абай баба ізімен» атты мәдени сапарымен келді. Өнер майталмандары бұл сапары аясында Семей – Бөрілі– Қасқабұлақ– Ақшоқы– Жидебайға ат басын тіреп, тың туындыларын сахналайтын болады

Мәдени сапардың мақсаты –  киелі жерлердің киесін көріп, рухани, тарихи-мәдени құндылықтармен  тереңірек танысу болып отыр. Көш керуені ең алдымен Шәкәрім университетіне келіп, басты миссияларын айтып берді.

–           Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Елордада жаңа театр бой көтерді. Мен басшылық етіп отырған Қалибек Қуанышбаев театры сол үлкен ғимаратқа көшті. Жаңа театрымыз аса жоғары талаптарға сай салынған. Сол мүмкіндіктерді пайдалана отырып, театрдың алғаш шымылдығын жас ұрпақтың дүниетанымына, жан дүниесіне, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін М.Әуезовтің  «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен аштық. Қойылымның инсценировка авторы  Мирас Әбіл. Бұл туынды көптің көңілінен шығып, тек оң пікірлер айтылып жатыр, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

 Семейдің Абай театрында және Абай аудандық мәдениет үйінде  талғамы биік көрермен үшін тағы бір мәрте сахналанған «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасына Абай ғұмырының бозбала кезеңі арқау болған. Жас Абайдың жүрегінде оянған алғашқы махаббаты, көкірегінде туған тұңғыш жыры әуезді әнге айналып, ішкі сезім тебіреністерін аласапыран күйге салады.

–           Құрылғанына аз уақыт өтсе де, соған қарамастан  ондаған спектакльдерді сахналап үлгерген Музыкалық жас көрермен театры алғашқы қойылымдарының бірі «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасын Абай атамыздың топырағына келіп, көзі қарақты көрерменге тарту етпек ниетте жолға шыққан болатын. Оған шынайы тілектестік білдірген біздер бірге қуана келдік. Осылайша, театр алғашқы гастрольдік сапарын киелі Абай елінен бастап отыр.  Ойымыз іске асып, бүгін сіздермен қауышып отырмыз. Дән ризамыз, –  деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Нұрлан Өнербаев.

ШҚО “Шығыс ақпарат” ЖШС АКҚ Семей қаласының ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *