ШҚО ҚХА: ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімге қосқан үлесі

Шығыс Қазақстан облысында бейбітшілік пен келісімде өңірдің дамуына үлес қосып келе жатқан 105 этнос өкілі тұрады.
Айта кетейік, Қазақстандағы алғашқы Достық үйі Өскеменде ашылды. 1992 жылдан бастап оның негізінде ұлтаралық келісімді нығайту, этностардың тілдерін, дәстүрлерін, мәдениетін жаңғырту, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу бойынша белсенді жұмыс қолға алынды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында түрлі әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісімді нығайтуға ерекше назар аударды.
“Ел бірлігі – оның әралуандығында” ұраны бүгінгі күні өзекті. Қазақстанның этникалық және мәдени сан алуандығы стратегиялық ресурсқа айналды. Елдің әрбір азаматы өзінің этникалық және діни қатыстылығына қарамастан, өзін үлкен қазақстандық отбасының бір бөлігі деп санайды. Стратегиялық реформаларды іске асыруға белсенді қатысады.
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған брифинг барысында Семей қаласының Достық үйінің директоры Надежда Шарова бүгінде ШҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының, Достық үйлерінің, этномәдени бірлестіктердің қызметі Ассамблеяның 29-шы сессиясында белгіленген бірегейлік пен бірлікті дамытудың жаңа кезеңінде мемлекеттік саясат қағидаттарын түсіндіруге және енгізуге бағытталғанын атап өтті.
Өңірдегі барлық 13 Достық үйі қазақстандық бірегейлікті нығайтуға, этномәдени бірлестіктердің халықтың өзекті мәселелерін шешудегі рөлін күшейтуге бағытталған “Шығыс Қазақстан – жанжалсыз аумақ” жобасы бойынша жұмыс істеуде.
– Осы міндеттерді іске асыруға Ассамблеяның барлық қоғамдық институттарының қызметі бағытталған. Бұл 280 – нен астам Қоғамдық келісім кеңестері мен аналар, меценаттар, еріктілер, медиаторлар, “Жаңғыру жолы” жастар қозғалысының қатысушылары, – деді Надежда Шарова. – Өңірде дәстүрлер жаңғыртылып, волонтерлік пен қайырымдылық дамытылып, рухани бірлік пен қоғамдық келісім нығая түсуде.
Алғыс айту күніне орай Ассамблея “30 игі іс” марафонын өткізді. Екі мыңнан астам адам 171 млн теңгеден астам сомаға көмек алды.
Жұмыстың негізгі бағыттарының бірі қазақ тілінің біріктіруші рөлін күшейту болып табылады. Облыстық Достық үйінде “Ахуалдық қазақ – “Мәміле” кабинеті ашылды. Бұдан басқа, “Возрождение” мектебі және достық үйлерінің жексенбілік тіл мектептері жұмыс істейді. Олар тілді заманауи әдістемелер бойынша оқытады.
Қоғамдық келісім кеңестері мен медиаторлар билік өкілдерімен бірлесіп, халықтың проблемалық мәселелерін шешуді, келіспеушіліктер мен дауларды реттеу жөнінде шаралар қабылдауды талқылайды.
Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктер қоғамдық бақылау аясында коронавирусқа қарсы күресте санитарлық нормалар мен шектеулерді сақтау, қажетті азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізу бойынша рейдтерге қатысады.
Этносаралық толеранттылық пен конфессияаралық келісімді қалыптастыруда отбасы басты рөл атқарады. Сондықтан аналар кеңесі дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайтуға, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тұрмысы нашар отбасылардағы өзара іс-қимыл проблемаларына, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға ерекше назар аударады.
– Бүгінде елімізде ең бастысы – бейбітшілік пен келісім бар. Біздің барша қазақстандықтарды ортақ және маңызды ұғым біріктіреді: Біз – Қазақстан халқымыз. Біздің еліміз бір, тағдырымыз бір, – деп атап өтті Надежда Шарова.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *