Семейде жылыту маусымына дайындық жүруде

Қазіргі уақытта Семейде жеке сектор тұрғындары үшін отын көзі дайындалуда. Биыл халықтың мұқтаждығын қамтамасыз ету мақсатында 260 мың тонна көмір жоспарланған. Бұл туралы қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Амантай Өтелбаев мәлім етті.

– Көмір жеткізуді “Жігер” ЖШС (бір тонна құны 9 200 теңгені құрайды) және “Семей көмір” ЖШС (72-тоқсандағы көмір тұйығы) жүзеге асырады. Сондай-ақ, сатылымда сұрыпты көмір бар. Көлікпен қызметін қоса есептегенде,  оның құны тоннасына 12 700 теңгені құрайды. Ал,  сортталмаған көмір  көлік қызметтерін ескере отырып есептегенде, тоннасы 10 700 теңге тұрады. Көмірді белсенді сатып алудың негізгі кезеңі – тамыз-қыркүйек айлары.  Тұрғын үй қоры нысандарына келетін болсақ, бізде, өздеріңіз білетіндей, орталықтандырылған жылуға 1187 тұрғын үй қосылған. Оның ішінде бүгінгі таңда 423 үй жылу беру маусымына дайын. Бұл аз көрсеткіш. Бірақ бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп, арнайы топтар құрылды, – деп хабарлады Өтелбаев.

Білім беру нысандары үшін де көмір сатып алу бойынша осындай жұмыстар жүргізілуде. Семей өңірінде барлығы 66 мектеп бар. Оның 51-і қалада орналасқан. Орталық жылу жүйесіне 43 мектеп, автономиялық жылу жүйесіне 8 мектеп қосылған. Қазіргі уақытта 19 мектеп бойынша 125 247 мың теңгеге көмір жеткізуге шарттар жасалды. 12 мың тоннадан астам көмір сатып алу жоспарланған.

 Жұмысты 1 тамызға дейін аяқтау жоспарлануда.

 

Семей қ. ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *