Семейде қалалық “Ішкi саясат бɵлiмi” мемлекеттік мекемесінің  əлеуметтiк тапсырысы аясында жастарға арналған бірқатар жобалар қолға алынуда.

Бұл арқылы өскелең жастар ортаға бейімделіп, өзін дамытып, қоғамға оң сипатта пайдасын тигізбек. Жобаны іске асырушы “Қазақстан жастары” қоғамдық қоры жəне “Интеллектуалды жастар қауымдастығы” қоғамдық қоры болып белгіленді. Жобаның маңызы мен сұранысы жөнінде брифингте арнайы координаторлар мәлімдеді.

— «Жастар арасында тәуелсіздік құндылықтарын дамытуға бағытталған әлеуметтік қызмет» Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған арнайы шараларды қамтиды. Жоба аясында ақындар айтысы, шығармашыл жастар арасында байқаулар, өнерпаз жастарға арналған кештер, әдебиет апталығы және осы мақсаттағы шаралар ұйымдастырылатын болады.
«Жастардың интеллектуалды әлеуетін арттыруға бағытталған әлеуметтік қызмет» тармағы жастардың білімі мен жан-жақтылығын дамытуға бағытталған. Қызмет аясында интеллектуалды ойындар, пікірсайыс академиясы, турнирлар және қала әкімінің кубогына арналған республикалық шаралар өткізілмек.
«Ауыл жастарының шығармашылық және интеллектуалды әлеуетін арттыруға бағытталған қызмет» аясында «Әлеуметтік керуен» жобасы іске асырылып, ауыл жастарына мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, жастардың көкейкесті сауалдарына жауап беру мақсатында кездесулер ұйымдастырылады. Сонымен қатар, ауыл жастар форумы және ауыл жастарына арналған шаралар өткізу жоспарланған.
«Жастар арасында құқық бұзушылық деңгейін төмендету және  NEET санатындағы жастармен жұмыс бойынша әлеуметтік қызмет» те қарастырылған. Аталмыш жоба аясында аула аралау жұмыстары, тренингтер мен мастер класстар, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылатын болады. Барлығы карантиндік талаптарды қатаң сақтай отырып өткізіледі,-дейді жоба координаторы Қуаныш Молдақашев.

Айта кетейік,  Семейде жыл соңына дейін жастардың қатысуымен 100-ге жуық іс-шаралар жоспарланған. Жылдың аяғында жоба бойынша қорытынды жасалынып үздіктер мен белсенділер марапатталатын болады. Сонымен қатар, екі жоба аясында жастарға арналған шағын гранттар байқауы ұйымдастырылып, жастардың жобасын іске асыруына қаржылай көмек көрсетілмек.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *