Семейде полиция және төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері қаладағы көпқабатты үйлердегі өртті алдын алу мақсатында үй аулаларында рейд жүргізді.

–           15 тамызда Шәкәрім даңғылы, 15-үй мекенжайы бойынша 9 қабатты үйдің соңғы қабатында балкон жанып, 2003 жылғы қыз бала 9-шы қабаттан секіріп кетті. Түрлі дене жарақаттарымен қаланың жедел-жәрдем ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Бізге хабар түскен бетте біз дереу оқиға орнына келдік, бірақта үй маңында жеңіл көліктердің қойылуына байланысты уақытында автосатыны орнатуда көп уақыт жоғалтып алдық. Алдағы уақытта осындай жағдайларға жол бермеу мақсатында бүгін біз рейд жүргіздік, – деді Семей қ. ТЖ басқармасы  бастығының орынбасары азаматтық қорғаныс подполковнигі Әлібек Тұрсынханов.

Семейде биіктігі 28 метрден асатын 80-нен астам көпқабатты тұрғын үй бар. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің айтуынша, автосатыны орналастырудың стандартты уақыты орташа есеппен 10 минут. Алайда өрт сөндірушілердің уақытылы қондырғыларын орналастыруға көп жағдайда тұрғындардың өздері кедергі жасайды, көліктерін белгіленбеген жерге қояды, осылайша арнайы техникалардың шығу жолдарын жауып тастайды. Рейд кезінде тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

–           Бүгін Семей полициясы ТЖ басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, көп қабатты үйлердегі өрттің алдын алуға бағытталған рейдтік шара өткізді. Көліктері белгіленбеген жерге қойған жүргізушілер 10 АЕК көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Семей қ. ПБ патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары полиция подполковнигі Ержан Самарханов.

Рейд нәтижесі бойынша бес тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Рейдтік шаралар жалғасуда.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *