Шығыс Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері

Өскеменде «Тәуелсіз Қазақстан: Жасампаздыққа толы жылдар. Шығыс Қазақстан облысының басты жетістіктері» атты дөңгелек үстел өтті.
Аймақтың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық дамуы талқыланған шараға ҚР Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ғалымдар мен түрлі сала мамандары қатысты.
Тәуелсіздікен қол жеткізіп, мемлекет болып жаңа қалыптасып келе жатқан тұста Шығыс Қазақстан облысы еліміздің экономикалық және стратегиялық дамуына өзіндік үлкен рөл атқарды. Аймақтың индустриялық-аграрлық және ғылыми-техникалық әлеуеті жаңа бағыт алды. Әсіресе, білім мен мәдениет саласы өркендеп, тарихымыз түгенделе бастады.
– Биылғы жыл біздің еліміз үшін ерекше. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы атап өтілуде. Тәуелсіз Қазақстанды құрудағы шешуші рөл ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Ол Қазақстанды жаңғыртуға бастамашы болып, жүзеге асырды. Елге экономикалық дамуда теңдессіз серпіліс жасауға және біздің азаматтарымыздың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бірқатар реформалар жүргізді, – деді ШҚО әкімінің орынбасары Азамат Мухамедчинов.
Қазақстанның аумақтық дамуының негізгі қағидаты “Қуатты өңірлер – қуатты ел” ұраны болып табылатыны кездейсоқ емес. Шығыс Қазақстан облысының индустриялық-аграрлық және ғылыми-техникалық әлеуеті даму бағыттарын айқындап берді. Сандар Тәуелсіздік жылдарындағы аймақтың даму және қайта құру динамикасын айқын көрсетеді.
30 жыл ішінде 2,4 трлн теңге өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемін арттырды. 1991 жылы ол 27,9 млн теңгені құрады. 2010 жылдан бастап, Индустрияландыру картасы шеңберінде 9 мың жаңа жұмыс орнын құрумен 768,9 млрд теңгеге 55 индустриялық жоба іске асырылды. Бүгінде ШҚО инновациялық өнім көлемі бойынша республика бойынша 5-ші орында (2020 жылы-116,7 млрд теңге). Еліміздің барлық инновациялық өнімдерінің 6,8%-ы Шығыс Қазақстанда өндіріледі.
– 2015 жылы Даниал Кенжетайұлы әртүрлі ғылыми орталықтардың өкілдерін жинап алып, «біздің көне және ортағасырлық тарихымыз дұрыс зерттеліп, жазылмай  жатыр. Бізге тың деректер қажет» деген еді. Содан бері облыс басшысының қолдауымен үлкен жұмыстар атқарылуда. Яғни, өңіріміздегі қазба жұмыстары жүргізілген тарихи орындарды бір жүйеге келтіріп, Шығыс Қазақстанның көне және орта ғасырлық тарихын жазып жатырмыз, – дейді археолог Зейнолла Самашев.
Елдіктің тағы бір ерекше белгісі қазақ тілінің мәртебісі болды. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап мемлекеттік тілдің мәртебесі де айтарлықтай артты.
– Тәуелсіздіктің арқасында ұрпағымыз өз ана тілімен сусындап жатыр. Тіпті еліміздегі әр ұлт өкілдері де қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде мойындап, үйрене бастады. Олар бұйырықпен емес, жүрекпен қабылдады. Болашақ жастардың қолында. Біз жастарды патриоттыққа тәрбиелеуіміз керек. Қазақстан достықтың мекеніне айналды. Қазір көптеген елді мекендер мен көшелердің аттары қазақшаланып жатыр. Бұл да біздің жетістігіміз, – деді «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының Солтүстік-Шығыс өңірі бойынша вице-президенті Орал Шәріпбаев.
Қазақ күресінен елімізге еңбек сіңірген спорт шебері, 2017 жылы «Әлем барысы» атанған Айбек Нұғымаров елдегі спорт саласының қалай дамып келе жатқандығын айтты.
– Еліміздің егемендік алуы қазақ спортшыларының жолын ашты. Отыз жылдың ішінде халықаралық додаларда жерлестеріміздің жеткен жетістіктері баршылық. Қазақстанның атын шығарып, ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшыларымыз аз емес. Егемендіктің арқасында ұлтымыздың төл спорты – қазақ күресі әлемдік деңгейге көтерілді. Еліміздің түкпір-түкпірінде, оның ішінде Шығыс Қазақстандағы ауылдарға талай спорттық кешендер салынып, өскелең ұрпаққа қажетті жағдай жасалды. Бүгінгі жастарға спортпен айналысуға еш кедергі жоқ. Керісінше қандай бағытты таңдаса да алаңсыз жаттығып, кәсіби шыңдалуына барлық мүмкіндік бар. Міне, сол үшін Тәуелсіздікті бағалай білейік, – дейді Айбек Нұғымаров. 
Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы әлем тарихындағы елеулі оқиға.
– Ядролық қаруға қарсы қозғалыстың 1989 жылы басталғаны белгілі. Соның ішінде ақын Олжас Сүлейменов бастаған «Невада-Семей» қозғалысын жақтаушылар көп болды. Солардың бірі мен едім. 2 миллионнан астам қазақстандық ядролық сынақтарға қарсы шықты. Осының нәтижесінде, Семей полигонында жоспарланған 18 сынақтың 11-і тоқтатылды. 1991 жылы 29 тамызда Семей полигонының жабылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың зор еңбегі сіңді.
Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы әлем тарихындағы елеулі оқиға болғаны сөзсіз. Бұл елімізді халықаралық аренада бейбітсүйгіш, ынтымағы жарасқан мемлекет ретінде танытты. Міне, осы айтулы датаға да биыл 30 жыл толып отыр. Әлі күнге дейін Қазақстанды мекен ететін түрлі этностар бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде, – дейді Халықаралық антиядролық «Невада-Семей» қозғалысының мүшесі Жанна Жибраева.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *