Шығыс Қазақстанда әйелдер көшбасшылығын дамыту мәселесі талқыланды

Бүгінгі қоғамда әйелдер жұмыс істемейтін сала жоқ екені анық. Олар әрі әйел, әрі ана болып қала отырып, ерлермен иық тірестіре еңбек етіп, биік шыңдарды бағындыруда. Шығыс Қазақстанның іскер әйелдері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткен ғылыми-практикалық конференцияда өздерінің жетістіктері туралы айтып берді. Екі ай бойы аймақта жаһандану мен заманауи тәуекелдерді ескере отырып, әйелдер көшбасшылығына арналған іс-шаралар циклі өтті. Облыс әкімдігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде Павлодардан шақырылған психология ғылымдарының докторлары Наталья Фесенко мен Құралай Алина әйелдермен жұмыс істеді.
Семинар бағдарламасы бірнеше блоктан тұрды, оның ішінде отбасылық психология, шешендік өнер, көшбасшылық қасиеттерін зерттеу, сондай-ақ әлеуметтік желілерде жұмыс істеу, өз бизнесін брендтеу. Сонымен қатар, жоба аясында бірқатар психологиялық кеңестер өткізілді. Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ қабырғасында өткен «Жаһандану жағдайындағы әйел көшбасшылығы және Қазақстандық бірегейлікті нығайту” атты ғылыми-практикалық конференция іс-шаралар циклінің қорытындысы болды.
Кездесуге кәсіпкерліктің, мемлекеттік қызметтің, сот және құқық қорғау органдарының түрлі салаларында табысты жұмыс істейтін көшбасшы әйелдер жиналды. ШҚО ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Әлмира Жұмабаеваның мәліметінше, облыс халқының экономикалық белсенді бөлігінің 53 пайызы-әйелдер. Нәзік жандылардың арасында әкімдер, мәслихат депутаттары, ірі бизнесвумен бар. Олар ғылым мен саясатта сәттілікке қол жеткізгендер. Бірақ, психологтардың пікірінше, әйел көшбасшылыққа қабілетсіз және тек отбасына бағытталған деген стереотиптер әлі де бар. Дәл осы үрдісті өзгерту керек. Іскер әйелдің пікірінше, әйелдің “әлсіздігі” – бұл оның басты күші дейді. Конференцияға қатысушылар атап өткендей, іскер әйелдер әрдайым барлық жұмыс үдерістерін өздері арқылы өткізіп, ынтымақтастыққа, команда құруға бағдарланады, жұмыстың барлық бағыттарына тікелей қатысады. Әйелдер табиғаты бойынша көпшіл және бұл оларды керемет коммуникатор етеді, олар табиғаты бойынша “жасампаз”, сондықтан олар өз бизнесі үшін әртүрлі “құлшыныстарды” тамаша ойлап табады. Әйел көшбасшы өз қызметінде ұжымды отбасы ретінде қабылдайды, жұмысқа барлық ресурстарды жұмсайды. Конференцияға қатысушылардың әрқайсысы табысқа жетудің күрделі жолынан өтті. Қиындықтар оларды сүріндірмей, керісінше күшейте түсті. Олар кездесуде өз тәжірибелерімен бөлісті. – Барлығына үлгерудің құпиясы – өз уақытын басқара білу, әрбір жобадағы өз рөлін нақты түсіну. Қазір жобалық жұмыс аясында 384 стейкхолдер бар, мен біздің өңірде үш республикалық жобаны және облыс деңгейінде 17 жобаны жүргіземін. Демалуға уақыт жоқ,-дейді ШҚО бойынша ҚР “Атамекен” ҰКП Іскер әйелдер Өңірлік кеңесінің төрайымы Елена Березинская-Әбілова. – Іскер әйелден қарапайым әйел мен анаға қалай айналуға болады? Тәулік бойы барлық жобалар мен проблемалар туралы ойлауды тоқтату керек. Үйдің табалдырығын аттағаннан кейін сіз ана және үйдің қамқоршысысыз. Ал кейбір іскер әйелдер өздерінің ана екендерін түсініп, сезінгеннен кейін ғана өз ісін бастау туралы қадамға барды. Дәл осы сияқты, Әлия Жігітаеваны үш баласының денсаулығын қамтамасыз ету туралы ойлар балалар стоматологиялық клиникасын ашу идеясына алып келген. – Бұрын өз ісімді ашу туралы ойым болған емес. Мен медициналық академияны бітіріп, 10 жыл бойы балаларымды тәрбиелеуге арнадым. Балалардың денсаулығын сақтау туралы ойлар кәсіпкерлік қызметтің дамуына әкелді. Мен балаларыма және қаламыздың балаларына сапалы стоматологиялық көмек бере аламын деп шештім. Уақыт өте келе біз қызметтерімізді кеңейтіп, медициналық орталық аштық, онда қазір 70 адам жұмыспен қамтылған, – деді кәсіпкер. – Біз бұрын балалардың қала сыртына шығуын қажет ететін зерттеулерді жүргіземіз. Бұдан басқа, мен “Niet Woman” әйелдер бастамасы қауымдастығының төрағасымын, онда әрбір әйел өз бизнесін дамытуға көмек ала алады. Нәзікжандылар саясатта да үлкен жетістіктерге қол жеткізе алады. Соңғы жылдары мемлекеттік қызметтегі әйелдер үлесінің арту үрдісі барған сайын байқалуда. Конференцияда Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова өз жұмысы туралы айтып берді. – 2009 жылы мен ішкі саясат бөлімінің басшысы болдым. Бүгінгі күнге дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істей отырып, мен жасаған таңдауым үшін ешқашан өкінбедім. Әкімнің орынбасары лауазымы өте жауапты қызмет, бірақ қызықты, әр күні өткен күннен өзгеше. Проблеманы әрдайым тез арада шешу мүмкін емес, бірақ сол үшін барлық күш-жігеріңді саласың. Бос уақытымды отбасымның ортасында өткіземін. Менің өмірімдегі басты оқиғалардың бірі – немерелердің дүниеге келуі. Менің жетістігімнің басты құпиясы-үнемі өзін-өзі ұйымдастыру, үнемі өсіп, даму, отбасының қолдауын сезіну, – деп атап өтті Жанна Асқарова.
Әйелдер көшбасшылығына арналған жоба келешек жоспарларды құруға мүмкіндік береді, өйткені қызметте табысқа жете алған әйелдердің тәжірибесі жетістікке ұмтылған адамдардың қызығушылығын оятуы мүмкін. Алынған білім мен әдістемелерді тарату идеясын “Қазақстан іскер әйелдері” қоғамдық бірлестігі қолдау білдірді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *