ШҚО-да жолдарды қыста күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде

Шығыс Қазақстанның бірнеше ауданында қар жауды,  сондықтан өңірде автожолдарды қыста күтіп ұстау жұмыстары басталды. Баспасөз конференциясы барысында жылдың суық кезеңіне дайындық бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтылды.
Жалпы ұзындығы 3 мың шақырымнан асатын облыстық маңызы бар жолдарды күтіп ұстаумен “Облшығысжол”ЖШС айналысады. ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Тұраровтың мәліметінше, қызмет көрсетуші компанияның балансында 119 бірлік қар тазалайтын техника, оның ішінде 21 автогрейдер, 12 шнекоротор, 29 тиегіш және жолдарды тазалауға арналған басқа да техника бар. Компанияда климаттық жағдайлардың күрделілігіне қарай біркелкі бөлінген 11 өндірістік учаске бар. Бүгінгі таңда техника 92 пайызға дайын.
Нұрбек Тұраровтың айтуынша, Шығыс Қазақстанда жалпы ұзындығы 16 шақырым болатын қар ұстайтын қалқандар бөлінген 249 қар басатын учаске анықталған. Сондай-ақ, өңірде 7 көшкін қаупі бар учаскелер бар.
– Ауа-райы нашарлаған кезде барлық қауіпті учаскелер тәулік бойы бақыланады. Қарашадан бастап барлық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Барлық жол қызметтерінің, мемлекеттік мекемелердің, Төтенше жағдайлар құралдары күштерінің жедел өзара іс-қимылы үшін 31 жол мекемелерімен, 4 трассалық медициналық – құтқару пунктімен, 74 ауылдық округ әкімдіктерімен байланысты қамтитын іс-қимыл жоспары әзірленді, – деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ, оның айтуынша, өткен жылдардың қорытындысы бойынша үйлесімді жұмыстың арқасында қыс мезгілінде зардап шеккен оқиғалар тіркелмеген. Жалпы, өткен жылы қар көшкіні қаупті кезеңіне және сыртқы ауа температурасының қатты төмендеуіне байланысты облыстық маңызы бар жолдар 17 рет жабылған. Шығыс Қазақстанның республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қыста күтіп ұстаумен “Қазақавтожол”ЖШС облыстық филиалының 12 бөлімшесі айналысады. Компания 2540 шақырым жолға қызмет көрсетеді. Жолдарды қыста күтіп ұстау үшін 158 бірлік арнайы қар тазалайтын техника жұмылдырылады. “Қазақавтожол” ЖШС Шығыс Қазақстан филиалының бас инженері Болат Жұртбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта техника 78 пайызға дайын.
– Себу үшін біз тек ұсақ түйірлі құм мен ұсақ түйірлі електі сатып аламыз. Жолдарды қыста күтіп ұстау үшін бізге 8900 м3 тайғаққа қарсы материал қажет, қазір 5110 м3 дайындалды. 1303 тонна техникалық тұз дайындалды. Бес мыңнан астам қар ұстайтын қалқан, 615 уақытша жол белгісі бар, – деп хабарлады Болат Жұртбаев.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *