Семейде бала асырап алу туралы баспасөз-конференциясы өтті

Бүгінгі күні Шығыс Қазақстан облысында жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баларға арналған 13 мекеме жұмыс істейді. Бұл мекемелерде 800-ден астам бала бар. Қазақстанның өзге өңірлерімен салыстырғанда Шығыс Қазақстанда балалар үйіндегі балалардың ең көп саны байқалады. Бұл туралы Семей қаласының аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференцияда ШҚО бойынша асырап алу жөніндегі ұлттық агенттіктің аймақтық директоры Жанайым Жұмаділова айтып берді.  

–           Асырап алу – баланы отбасына орналастырудың бір түрі екенін көбі біле бермейді. Шын мәнінде, Қазақстанда бала асырап алудан бөлек, баланы қамқоршылық ретінде патронатты немесе асырап алушы отбасына орналастыру түрі бар. Сонымен қатар қоғамда «жетім» ұғымы сіңіп алған. Бірақ мекемелердегі жетім балалар саны 20%, қалған 80%-ы – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Олар – ата-ана құқығынан айырылған, хабарсыз кеткен деп жарияланған, әрекетке қабілетсіз деп танылған, ата-ана құқығы шектелген, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген, бал тәрбиесінен қашып жүрген адамдардың балалары. Қазіргі уақытта асырап алушы ата-анаға үміткерлердің көпшілігі кішкентай баланы асырап алуды қалайды, алайда мекемелерде ондай кішкентай балалар жоқ. Ол жерлерде көбінде аға-інілері және әпке-қарындастары бар балалар тұрады. Заң бойынша туғандарды бөлуге болмайды, – деп айтып өтті Жанайым Жұмаділова.

Орналастыру түріне қарамастан, асырап алушы ата-анаға үміткер міндетті түрде психологиялық дайындықтан өтуі керек. Оны аккредиттелген үкіметтік емес ұйымдарда, сондай-ақ жетім балалар және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім ұйымдарынан өтуге болады. Осындай аккредиттелген үкіметтік емес ұйымдардың бірі «АНА ҮЙІ» қоғамдық қоры. Бұл жерде мамандар балалардың интернат мекемелерінен баланы асырап алуға ниет білдірген азаматтарға құқықтық көмек көрсетеді, отбасыларға психологиялық және психологиялық-педагогикалық консультация береді. Психологтар асырап алушы ата-аналардың мектебінде әлеуетті асырап алушыларды дайындайды, онда олар даму психологиясы бойынша, асырап алынған баламен байланыс орнату және жаңа өзгерістерге отбасының бейімделу туралы құнды білім алады. 

–           Қазір асырап алу процедурасы автоматтандырылған. Барлық құжаттарды Egov арқылы жіберуге болады. Асырап алушы ата-ана болу үшін міндетті түрде асырап алушы ата-аналар мектебінен өту керек. Мектептен өткені туралы сертификат алғаннан кейін үміткер құжаттарын тапсыра беруіне болады. Содан кейін оған жетім балалардың республикалық мәліметтер банкі ашылады, ол жерде асырап алушы ата-ана Қазақстанның барлық өңірлерінен баланы іздей алады. Ол сауалнамаларды қарап, баланы таңдайды және содан кейін оған баланы көріп-қайтуға уақыт беріледі. Егер баланы асырап алғысы келсе, онда ол 14 күн ішінде балаға барып тұруы керек. Егер орналастырудың басқа түрлері болса, онда бір-екі күн жеткілікті және баланы отбасына алып кетуіне болады, – деп қосты Жанайым Жұмаділова.   

Агенттіктің бала асырап алу бойынша барлық қызметі тегін.

Баланы отбасыға орналастыру сұрақтары бойынша біріңғай республикалық  1422 call-center (Қазақстан бойынша тегін) хабарласуларына болады.  

Семей қаласындағы ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *