Жыл басындағы көрсеткіш бойынша Семейде шағын және орта бизнестің 27 мыңнан астам субъектісі тіркелді

Бұл туралы Семей қаласының аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференцияда Семей қ. кәсіпкерлер бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әмина Сыздықова айтып берді.

–           «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 14,3 млрд теңгеге 741 жобаға қолдау көрсетілді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде 74 жоба қолдау алды. 320,5 млн теңге сомасында несие берілді. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 168 бастауыш кәсіпкерлер оқытудан өтті. «Ақ ниет» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 882,3 млн теңгеге 66 жоба қаржыландырылды, – деп мәлімдеді Әмина Сыздықова.

Былтырғы жыл, маманның айтуынша, бизнес үшін жемісті жыл болды. Карантиндік шектеулерге қарамастан  қала бірқатар ірі нысандарды іске асыруға кірісе алды.

–           Өткен жылдың шілде айында «Өндіріс» бизнесті дамытудың индустриалды аймағы аумағында ет өнімдерінің жартылай фабрикаттарын шығаратын «Yqylas-Invest» ЖШС жобасын іске асыру басталды. Аталған жоба жабық типтегі мал бордақылау алаңының,  қасапхана және тұшпара цехының кешенді құрылысын қарастырады. Бүгінгі күні 200 млн теңгеден астам инвестиция құйылды. Жобаны 2022 жылғы маусымда аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар индустриализация картасы шеңберінде «QAZAQ ASTYQ GROUP» ЖШС мультидақылдарды өңдеудің автоматтандырылған кешенінің өндірісін іске қосты. Қазіргі уақытта 20 мың тонна шамасында күнбағыс майы өндірілді, – деп қорытындылады бөлім басшысының міндетін атқарушы.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта жеке инвестициялау есебімен Берқара кен орны базасында кен өңдейтін «ARX Minerals» ЖШС зауытының және Semey Mall сауда үйінің құрылысы, Шугаев көшесі бойында орналасқан ғимаратты (бұрынғы «Сем-Лада» ТҚКО) сауда кешені үшін қайта құру жүргізілуде.  Сонымен қатар, «ФИК Алел» ЖШС жаңа десорбация цехын құрылысы жоспарда бар.

Семей қаласындағы ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *