Шығыс Қазақстанда Тәуелсіздік күніне орай әлеуметтік нысандар ашылды

Өңірде рухани, мәдени-ағартушылық сипаттағы іс-шаралар өтті, сондай-ақ бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандар ашылды.
Мәселен, Күршім ауданының Жолнұсқау ауылында 50 орындық жаңа мектеп ашылды. Ескі мектептің ғимараты 1971 жылы салынған, жарты ғасырдан астам уақыт істеп тұрған бұл ғимарат апатты жағдайда деп танылған болатын. Ағымдағы жылдың сәуір айында облыстық бюджеттен жаңа заманауи мектеп салуға қаражат бөлініп, енді Жолнұсқау ауылының балалары жайлы және қауіпсіз жағдайда оқитын болады.
Сонымен қатар, “Бір қабатты Шығыс” бағдарламасы аясында Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында көпбалалы отбасыларға 14 үйдің кілті табысталды. Ауыл тұрғындары Тәуелсіздік күнін жаңа үйлерде қарсы алу мүмкіндігі үшін алғыстарын білдірді. Ал ауыл ақсақалдар жаңа қоныстанушыларға “бата” берді. “Мен II топтағы мүгедекпін. Бүгін біз үшін өте қуанышты күн. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні біз жаңа тұрғын үйдің кілттерін алдық. ШҚО әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтың қолдауымен “Бір қабатты Шығыс” бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында мүмкіндігі шектеулі көптеген азаматтардың арманы орындалды. Баршаңызға, сондай-ақ үй құрылысына атсалысқандарға алғыс айтқым келеді. Әр қазақстандықтың өз баспанасы болсын! Тәуелсіз Қазақстанымыз өркендей берсін!”, – деді Тарбағатай ауданының тұрғыны Бақытгүл Омарова.
Айта кету керек, облыста семинарлар, дөңгелек үстелдер, қайырымдылық акциялары, көрмелер, сынып сағаттары және т. б. жалпы саны 500-ден астам ісшара өтті.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *