ШҚО-да қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай қанағаттанарлық

Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының Шығыс Қазақстан облысы бойынша орынбасары Сәуле Слямғазина Қазақстан Республикасында 2023 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша қызылшаның 107 зертханалық расталған жағдайы тіркелгенін, ал Шығыс Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай қанағаттанарлық деп бағаланатынын, халық арасында расталған жағдайлар анықталмағанын хабарлады.

“Соңғы 2 жылда қызылша ауруы тіркелмеген. Соңғы жағдайлар – 2020 жылы болды, сол жылы облыста 59 адам ауырып қалды. 2023 жылы ШҚО қызылшаның даму қаупі бойынша орташа тәуекел аймағында”, – деп атап өтті Сәуле Слямғазина.

Елімізде Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес балалар қызылшаға қарсы 1 жасында, содан кейін 6 жасында тура сол вакцинамен егіледі. Вакцинацияланбаған немесе осы инфекциядан өтпеген адамдар иммунитетке ие емес және өмір бойы ауруға бейім келеді.

“2023 жылдың 2 айында 1 жастағы 1573 бала қызылшаға қарсы вакцинацияланды, 6 жастағы 1823 бала ревакцинацияланды. Қамту 19% құрады”,- деді спикер.

ШҚО денсаулық сақтау басқармасының ана мен баланың денсаулығын сақтау бөлімінің басшысы Мадина Мырзабекова биылғы жылы иммундау жоспары бойынша 1 және 6 жастағы 22 мың 500 балаға жататынын айтты. – Иммундау бойынша профилактикалық жұмыс жалғасуда, – деп түсіндірді ол. Брифинг барысында Сәуле Слямғазина 2022 жылы АМСК медицина қызметкерлерінің және облыс бойынша қалалық және аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармаларының эпидемилогтарының үйлесімді жұмысының арқасында бас тарту саны 73 жағдайға азайғанын айтты. Алайда, осы 2 айда бас тарту саны 8-ге өсті. 19 ата-ана иммундаудан бас тартты.

“Құрметті ата-аналар, облыс тұрғындары, егер сіздің балаларыңыз бен жақындарыңызда қызылшаға қарсы екпе болмаса, онда олар шұғыл түрде екпе алуы керек. Есіңізде болсын, қызылшаға қарсы иммундау –бұл инфекцияның алдын алудың тиімді шарасы. Өйткені, бұл ауруға қарсы нақты емдеу жоқ екені белгілі. Бүгінгі таңда облысқа елдің басқа өңірлерінен, сондай – ақ жақын және алыс шетелдерден инфекция әкелу қаупі бар”, – деп қорытындылады ШҚО СЭБД басшысының орынбасары.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *