Глубокое ауданында алдағы 3 жылда 3 жаңа мектеп салынады

Глубокое ауданында ағымдағы жылы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін салу, қайта жөндеуден өткізу, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарын 30 ауылдық елді мекенде (ауылдардың жалпы санының 75%) жүргізу жоспарлануда екен. Барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 57 жобаны іске асыруға 2,2 миллиард теңгеден астам қаражат көзделіпті. Глубокое ауданының 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2023 жылға арналған міндеттер туралы Шығыс Қазақстан облысының өңірлік коммуникация қызметі алаңында Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашинов брифинг барысында айтып өтті. Эльдар мырза ауданға қарасты 40 елді мекенде тұрғындармен кездесулер өткізіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта, көлік инфрақұрылымында, денсаулық сақтауда, білім беруде, ауыл шаруашылығында және басқа да бағыттарда ерекше назар аударуды талап ететін проблемаларды анықтауға және бақылауға алуға мүмкіндік бергенін жеткізді. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің іске асыру жоспарын әзірлегенін, оларды шешу алдағы 3 жыл ішінде кезең-кезеңімен жоспарланып отырғанын атап өтті. «Ауданда 57 жобаны іске асыруға 2,2 миллиард теңгеден астам қаражат жоспарланған. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жаңа 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Ағымдағы жылы ұзындығы 12 шақырым аудандық маңызы бар «Предгорное-Верх-Уба» автомобиль жолын орташа жөндеу жоспарланған. Ал «Ауыл-Ел бесігі» жобасын іске асыру шеңберінде жалпы сомасы 680 миллион теңгеге жолдарды орташа жөндеумен және көше жарығын орнатумен 4 ауыл (Предгорное, Винное, Черемшанка, Секисовка) қамтылатын болады. 19 шақырымнан астам кентішілік жолдарды жөндеп, 600-ден астам көше жарықтандыру тіректерін орнату жоспарлануда»,-деді Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашинов. Сонымен қатар ауданға қарасты 9 ауылдың көшелерін ағымдағы жөндеуден өткізілмек. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде ауданда 2 жобаны іске асыру басталғанын брифинг барысында Эльдар мырза айтып өтті. «Малоубинка ауылында су құбыры желілері мен су тарту құрылыстарын салу және Степное ауылында сумен жабдықтау жүйесін жаңарту, бұдан басқа, Алтайский кентінде және Опытное поле ауылдарында тазарту құрылыстарын және кәріздерді жаңарту бойынша 2 жобаны аяқтау жоспарлануда. Ал халықты сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін Зимовье ауылында антенна-діңгек құрылысы салынады. Быструха, Черногорка, Тарханка, Ново – Михайловка ауылдарында балалар спорт алаңын орнату жоспарлануда»,- деді Глубокое ауданының әкімі. Брифинг барысында алдағы уақытта Глубокое ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 300-орындық 3 мектеп салу көзделінген екен. 2024 жылы Белоусовка кентінде, 2025 жылға қарай Опытное поле ауылында және 2026 жылы Прапорщиково ауылында білім ордасы бой көтермек. Сонымен қатар Глубокое ауданында 4 дәрігерлік амбулатория алу жоспарлануда. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын іске асыру мақсатында, ауданда екінші жыл қатарынан пайдаланылмайтын жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару міндеті сәтті жүзеге асуда. Ағымдағы жылдың басынан ауданға 299 га жер қайтарылыпты.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *