ШҚО Алтай ауданындағы елді мекен маңындағы өрттің бетін қайтарды

Бүгін Алтай ауданы Северное ауылынан 10 шақырым жердегі шалғай таулы аймақта шөп пен бұталар өртенді. Шамамен 23 гектар аумақтағы өрт шұғыл түрде сөндірілді.

Айта кету керек, тілсіз жауды сөндіруге қатты жел кедергі келтірген. Құтқарушылардың мәліметінше, өртті ауыздықтауға барлығы 152 адам, ШҚО ТЖД, орманшылық және жергілікті атқарушы органдардан 7 бірлік техника, сондай-ақ ШҚО МИ-8 тікұшақтары жұмылдырылған.

«Северное және Серебрянск елді мекендеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Оқиға орнында Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, сондай-ақ осындай жағдайларға арнайы құрылған табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының авиаэскадрильясы жұмыс істеуде», – деді өрт орнына барған ШҚО әкімі Даниал Ахметов. Құтқарушылар кезекшілікті жалғастыруда, өйткені ауа райы болжамы бойынша бүгін екпіні секундына 21 метрге жететін қатты жел күтілуде. Қазір ол жерге су төгетін құбырлары бар екі тікұшақ жұмылдырылды, барлық ықтимал өрт және тұтану ошақтарына су төгілді. Өртті сөндіруге қатысқандардың барлығы қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Күнделікті әуе патрульдері жүргізілуде.

ШҚ «Қазгидромет» филиалының мәліметінше, 15 маусымда облыстың басым бөлігінде төтенше өрт қаупі жарияланған. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті сақтық шараларын сақтап, үйлер мен аумақтардың маңында құрғақ шөптерді, қоқыстарды жақпауға кеңес берді. Өрт қауiптiлiгi жоғары санаттағы учаскелерде қауiпсiздiк және өрттiң алдын алу мақсатында мемлекеттiк орман қорының аумағында болуға тыйым салынады.

Өрт анықталған кезде дереу «101» және «112» телефондары арқылы хабарлауды естеріңізге саламыз.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *