ШҚО Күршім ауданының 5 ауылында медициналық пункттер салынады

“Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” пилоттық жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Ақжайлау, Урунхайка, Аманат, Жолнұсқау, Маралды ауылдарында медициналық пункттер салу жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Күршім ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев мәлімдеді.

“Сондай-ақ оффтейк келісімшарт шеңберінде Тақыр және Жаңаауыл ауылдарында медициналық пункттер саламыз. Бүгінгі таңда мердігерлік ұйым анықталып, құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың басынан бастап перзентхана, соматикалық бөлімше және аудандық аурухананың операциялық блогы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылып, толыққанды жұмыс істеп тұр”, – деді әкімнің орынбасары.

Сонымен қатар, ол өткен жылдың қазан айында анестезиолог Латвияда оқуын аяқтап келгенін атап өтті. Енді хирургиялық бөлімде эндоскопиялық операциялар жүргізілуде.

Бұдан бөлек, 2023 жылы 18 млн 690 мың теңгеге жаңа наркоз аппаратын сатып алуға қаражат бөлінді, сатып алу конкурсы өтіп қойды.

“Сонымен қатар, ағымдағы жылы “Бір қабатты Шығыс” бағдарламасы аясында 7 ауылдық елді мекенде 21 бір бөлмелі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Құрылысты осы жылдың қазан айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде 21 көпбалалы, аз қамтылған отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі”, – деп атап өтті спикер.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *