Глубокое ауданының активіне халық сайлаған әкім таныстырылды

Облыс әкімі Глубокое ауданының активіне Эльдар Тұмашиновты таныстырды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Естеріңізде болса, өңірде 5 қарашада алғаш рет аудан әкімдерінің сайлауы өтті. Саяси науқанда 23 мыңға жуық дауыс жинаған Эльдар Тұмашинов Глубокое ауданының әкімі болып қайта сайланды. Ол бұл қызметті 2022 жылдың қаңтарынан бері атқарып келді.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында азаматтардың әкімдерді сайлауға тікелей қатысуын арттыру қажет екенін айтты. Біздің өңірде алғашқы тікелей сайлау Глубокое және Алтай аудандарында болды. Алдағы уақытта қоғамды трансформациялау және жаңғырту жұмыстары жалғаса береді, – деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев.

Аумақтық сайлау комиссиясының деректеріне сүйенсек, сайлаушылар тізіміне 39,5 мың тұрғын енген. Белсенділік танытқан сайлаушылар саны – 28 854. Оның ішінде 155 адам сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс берген.

– Сенім артқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Алдағы төрт жылда үдеден шығуға, ауданымызды дамытуға бар күш-жігерімді саламын, – деді Эльдар Тумашинов.

Өңір басшысы Глубокое ауданының тұрғындарымен кездесу барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына тоқталды. Сондай-ақ бұл ауданның өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы кешенін және этнотуризмді дамытуда әлеуеті зор екенін атап өтті.

Халық сайлаған аудан әкімінің алдына бірқатар міндет қойылды. Айталық, ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуындағы барлық көрсеткіштері өсіру және сайлауалды бағдарламада баяндалған жобаларды түгел іске асыру. Сондай-ақ аудан басшысы әлеуметтік нысандардың жылу режиміне уақытлы қосылуын, көмір резервінің болуын қадағалап, елді мекендермен байланыс тығыз болуы үшін жолдарды дер кезінде тазартуға ерекше назар аударуы тиіс.

Кездесу соңында аудан тұрғындары өңір басшысына сұрақ қойды. Жергілікті халық Бобровка ауылындағы жолдарды, Прапорщиководағы мектепті жөндеу және жарықтандыру мәселелерін көтерді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *