Шығыс Қазақстан облысының делегациясы Қазақстан мен Ресейдің ХІХ өңіраралық ынтымақтастық форумының жұмысына қатысты

Форумның тақырыбы: «Ауыл шаруашылығы – мықты экономиканың негізі».Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев форумның жалпы отырысында баяндама жасады.

«Шығыс Қазақстанның шекара маңында орналасуы экономикалық өсімнің ең қуатты және тиімді факторларының бірі болып табылады. Облыс экономикасы тұрақты дамып келеді және жыл сайын 4%-ға өсіп отыр. Облыстың Ресей Федерациясымен жалпы шекарасы – 773 шақырым. Өңірде ресейлік капиталдың қатысуымен 652 кәсіпорын жұмыс істейд», – деп мәлімдеді өз баяндамасында Ермек Көшербаев.

Өңір басшысының айтуынша, ШҚО жалпы тауар айналымындағы ресейлік тауарлардың үлесі 35%-ды құрайды. Өзара сауда айналымы 1 млрд АҚШ долларынан кем емес.

Шығыс Қазақстан Алтай өлкесімен, Алтай Республикасымен, Ресейдің Томск және Новосібір облыстарымен тығыз қарым-қатынаста.

«Біздің ортақ үйіміз – Алтай» халықаралық үйлестіру кеңесі көпжақты шекара маңы ынтымақтастығын нығайтудың табысты тетігіне айналып, оның шеңберінде сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, білім беру және әлеуметтік-мәдени байланыстарды дамыту бойынша бірлескен жобалар іске асырылып жатыр.

Облыстағы ауыл шаруашылығының басты әлеуеті жоғары құнарлы жерлері мен едәуір көлемдегі су ресурстары болып табылады.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді өндіру, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібінің аса табысты бағыттары тұрғындарды сапалы және қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорт көлемі мен географиясын ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *