ШҚО-да қызылшамен ауырғандар саны артуда

Ағымдағы жылдың 15 қарашасындағы жағдай бойынша Шығыс Қазақстан облысында 74 расталған қызылша жағдайы тіркелді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина хабарлады.

“Науқастардың 83,8%-ын 14 жасқа дейінгі балалар, 14,9%-ын ересектер және 1,3%-ын жасөспірімдер құрайды. Егілмеген адамдардың арасында 60-қа жуық оқиға тіркелді”, – деді Сәуле Слямгазина.

Оның айтуынша, ошақтардағы эпидемияға қарсы іс-шаралар толық көлемде жүргізілді, 3205 адам медициналық бақылаумен қамтылды, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 2769 бала. Барлық байланыста болғандар 21 күн ішінде медициналық бақылауда болады.

“Құрметті ата-аналар, облыс тұрғындары, егер сіздің балаларыңыз бен жақындарыңыз қызылшаға қарсы егілмесе, онда оларға шұғыл екпе салу қажет. Қызылшаға қарсы иммундау – бұл инфекцияның алдын алудағы тиімді шара екенін есте сақтаңыз. Бұл ауруға қарсы арнайы ем жоқ екені белгілі, – деп атап өтті спикер.

«6 қарашадан бастап 6 айдан 11 айға дейінгі сәбилерді қызылша, қызамық және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау (ҚЖИ) басталды, желтоқсаннан бастап қызылшаның егу мәртебесіне қарамастан 2-4 жас аралығындағы балаларға екпе салатын боламыз», – деп атап өтті спикер.

Сондай-ақ бұл инфекцияның алдын алудағы тиімді шара – ол иммундау екенін де айта кетті ол. Қызылшаға қарсы арнайы ем жоқ екені белгілі.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *