Самардағы бастауыш мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі

Іргесі қаланғанына жетпіс жылға жуық уақыт болған Шығыс Қазақстан облысындағы Самар бастауыш мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілетін болды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Бұл мектеп биыл күзден бері апатты жағдайда деп танылып, жұмысын тоқтатқан. Самар ауданына барған сапарында білім мекемесінің жағдайымен танысқан аймақ басшысы ғимаратты қайта жөндеуге қаржы бөлуді тапсыратынын жеткізді.

– Мектептің жағдайымен таныстым, ғимаратты қайта жөндеуден өткізу үшін қаржы бөлуге тапсырма беремін, – деді аймақ басшысы Ермек Көшербаев.

1957 жылдан бері жөндеу көрмеген білім ошағының 2013 жылы шатыры ғана ауысқан. Одан басқа жөндеу жүргізілмеген.

– Бұл мектеп қазір апатты деп танылып, сабақ тоқтатылды. Оқушылар ауыл ішіндегі №1 мектепке көшірілді. Қазір екі ауысымда оқып жатыр. Ал мына мектеп санитарлық талапқа да сай келмейді. Төбесі майысып, қабырғалары жарылған. Ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу керек. Жаңа мектеп салып берсе тіпті жақсы болар еді, – дейді Самар бастауыш мектебінің директоры Айжан Нуриева.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *