Челябі облысының “КОНАР” компаниясы Өскемен арматура зауытымен ынтымақтастық орнатпақшы

Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаевтың Челябі облысының губернаторы Алексей Текслермен кездесуінде белгілі болды. Кездесу облыс күндерінің аясында Мәскеудегі “Ресей” халықаралық көрме-форумында өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz. тілшісі.

Ынтымақтастықтың қазіргі деңгейіне екі тарап та жоғары баға беріп отыр. Челябі облысының экспорты мен импортындағы Қазақстанның үлесі 25 пайызды құрайды. Ресей Федерациясының барлық субъектілерінің ішінде облыс Қазақстанға өз өнімдерін экспорттау бойынша Мәскеуден және Мәскеу облысынан кейін үшінші орында тұр.

2022 жылдың қорытындысы бойынша, өзара сауда көлемі 2 миллиард долларға жуық болса, биыл сегіз айдың ішінде 1,2 миллиард долларды құраған.

Елімізде Челябі облысы компанияларының қатысуымен бірқатар инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асырылып жатқанын да айта кеткен жөн.

Жалпы Челябі облысы мен Қазақстанның географиялық тұрғыдан жақындығы көліктік-транзиттік әлеуетті дамытуға қолайлы жағдай жасайды.

– Өңіраралық қатынастар мен байланыстар біз үшін шешуші рөл атқарады. Шекарамыздағы адамдар арасындағы қарым-қатынас-бұл біздің қарым-қатынасымызды тек стратегиялық емес, бауырлас және одақтас ететін байланыстырушы нәрсе, – деді Д.Абаев.

Келіссөздер шеңберінде Өскемен арматура зауыты мен Челябі облысының “КОНАР” компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Айта кетсек, “КОНАР” компаниясы – мұнай-газ секторындағы, кеме жасаудағы, энергетикадағы, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыстағы жобаларға арналған өнімдердің ірі өндірушісі.

Бұл келісім өзара ынтымақтастықтың жоғары деңгейінің тағы бір дәлелі екені сөзсіз.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *