Үлкен Нарындағы көпқабатты үйлердің иелері жылу мәселесін көтерді

Үлкен Нарын ауылындағы көпқабаты үйлердің тұрғындары ШҚО әкімімен кездесу барысында баспаналарының салқын екенін айтты.

Олардың айтуынша, аталған мәселе төрт жылдан бері жалғасып келеді.

Тұрғындар барлық инстанцияларға шағымданған, бірақ мәселе шешілмеген көрінеді. Бұл үйлерге жылу орталық қазандықтан барады. Аудан әкімі берген мәліметке сүйенсек, қазір қазандықтан 55-60 градус температурада жылу беріліп отыр. Аталған үйлерге жылу 52 градус температурада жетеді.

– Бұл мәселені мұқият тексереміз. Егер жауапты мекемелер кінәлі болса, олар кемшілікті түзетуге міндетті және осы олқылық үшін жауап береді. Ал қолданыстағы заңнамаға сәйкес үйлерді жылу қабылдауға дайындау, құбырларды, батареяларды ауыстыру, тазалау, пәтерді жылылау сияқты істермен тұрғындардың өздері айналысуға тиіс. Қалай десек те қазір қыс мезгілі болғандықтан жергілікті әкімдікке сіздерге көмек көрсетуге тапсырма беремін, – деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев.

Кездесуге қатысып отырған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы жиыннан соң аталған үйлерге барып, жағдайды тексеретін болды. Шешім облыс әкіміне хабарланады.

– Келер жылдың ақпан айында, не болмаса көктемінде өзім осында тағы келемін, сол кезде бұл мәселені түбегейлі шешу жолдарын қарастыратын боламыз. Мүмкін жергілікті қазандықтың қуатын арттырамыз, – деді өңір басшысы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *