Өскеменде шатырларды сүңгілерден кім тазартуы керектігі туралы айтылды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Өскемен қалалық төтенше жағдайлар басқармасының офицері Азамат Ақзамбеков сүңгілер көбінесе суағарлардың үстінде пайда болатынын, сондықтан үйлердің қасбеттеріндегі осы тұстар аса қауіпті екенін айтты. Оларды айналып өту керек.

– Күн жылына бастаған кезде қала көшелеріндегі проблемалардың бірі шатырлардағы қардың еруі туралы тұрғындарды ескерткім келеді. Бұл қар жамылғысының ылғалдылықтың әсерінен 3 есе ауыр болуына әкеледі. Әдетте, мұндай масса өзінің құрамы бойынша біртекті емес және еріген қардың күпсек қоспасы мен қалың мұз кесектерінен тұратындықтан, көбінесе едәуір салмағы мен көлемі халық үшін үлкен қауіп төндіреді. Жарақаттанудың алдын алу үшін ата-аналар өз балаларын тұрғын үйлер мен ғимараттардың жанында болу ережелерін сақтауға үйретуі қажет, – деді Азамат Ақзамбеков.

Сондай-ақ ол Өскемен қаласының ТЖ басқармасы тұрғындардан мұқият және абай болуды, көшелермен жүрген кезде үйлерден алшақ болуды, автокөліктерді үйлердің жанына қоймауды сұрайтынын айта кетті.

– Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында барлық меншік нысанындағы ұйымдардың басшылары, ТКШ бөлімдері, пәтер иелері кооперативтері мен жекеменшік секторындағы үй иелері шатырлардағы қарды тазартуды, жаяу жүргіншілерге қауіп төндіретін орындардағы мұз бен сүңгілерді алып тастауды ұйымдастырулары қажет, – деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар Өскемен қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінің тұрғын үй инспекциясы секторының меңгерушісі Қымбат Абышева 2022-2023 жылдары қысқы кезеңде кондоминиум объектісінің басқару органдары аулаларды қардан тазарту жұмыстарын бірнеше рет жүргізгенін айтты.

– Барлығы 639 аула аумағы тазартылды, сондай-ақ 105 коммерциялық нысанға хабарлама тапсыру жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, – деп түсіндірді Қымбат Әбішева.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *