ШҚО-дағы техникалық және кәсіптік бағытта білім беретін 82 ұйым онлайн режимге көшті

Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары қашықтықтан оқытуға көшті.

ШҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Қажымұқан Оспанғалиев өңірде техникалық және кәсіптік бағытта білім беретін 82 ұйым бар екенін атап өтті. Оның ішінде 48-і мемлекеттік, 34-і жекеменшіктің иелігінде.

Облыстағы колледждер Сanvas, Mоodle, Edu Page, Edus, Күнделік, СОВА білім платформалары мен колледждердің сайты арқылы студенттерді оқыту жүйесіне көшті.

– Біз студенттерді электронды ресурстармен толық қамтамасыз ету мақсатында анализ жасадық. Нәтижесінде 501 адамда мұндай ресурс көзі жоқ екені анықталды. Соған байланысты 341 студентке ноутбуктерді уақытша тараттық. Облыста интернет желісі нашар ұстайтын және интернет желісі мүлдем жоқ жерлерде тұратын 272 студент бар. Біз оларға тапсырманы, тестті, оқу материалдарын қағаз жүзінде ұсынамыз. 230 студент пен 26 мұғалімге роутерлер берілді. Бұл өз кезегінде қашықтықтан оқыту жүйесінің жұмысын жеңілдетті, – деді Қажымұқан Оспанғалиев.

Жалпы білім беретін орта мектептер мен колледж түлектеріне идеологиялық, үгіт-насихат және бағыт-бағдар беру жұмыстары жүргізіледі. Мұндағы басты мақсат – мамандық таңдауға көмек көрсету. Баланың ерекшеліктері мен қызығушылықтарын, икемділігін бағамдай отырып, оған мамандық таңдау кезінде дұрыс бағыт-бағдар беру.

Осы мақсатта «Путеводитель» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Онда 7-11 сынып оқушыларының мамандық таңдауына көмектесуге арналған 176 курс бар. www.ctipo.kz сайтындағы «Түлекке» деген бөлімде онлайн режимде баланың қандай мамандыққа жақын екенін анықтау мақсатында тест дайындалған. Тесттің қортындысы бойынша мамандықты таңдап, колледждерге түсу үшін арнайы курстарға жазылуға болады. Бұл курстар баланың ой-өрісін кеңейтуға септігін тигізеді.

Төтенше жағдай жарияланғалы бері облыста мектеп және колледж түлектерімен 26 онлайн кездесу өтті. Оған 16 мыңнан астам түлек қатысты. Онда балаларды қызықтырған барлық сауалға жауап берілді. Түлектердің дені мемлекеттік грантты иелену үшін қанша ұпай жинау керек және университтерде оқуға жеңілдіктер беріле ме деген сұрақтарды қойды.

– Колледжде және ЖОО-да білім алғысы келетін түлектерге кәсіптік бағыт-бағдар беру жұмыстары онлайн режимде жалғасын табады. Мұндағы басты мақсат – түлектерге оқу орындары туралы толық ақпарат беріп, оларды әлемдегі заманауи мамандықтармен таныстыру, – деп қортындылады Қажымұқан Оспанғалиев.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *