ШҚО ағымдағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтылды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында ШҚО денсаулық сақтау басқармасының өкілі Асқар Хорошаш облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы мәлімдеді.

Пандемия басталғаннан бері Шығыс Қазақстанда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 13 705 жағдайы тіркелген. Оның ішінде – 8968 жағдай клиникалық белгілерімен, 4737-симптомсыз.

Covid-19 таралу қаупін азайту және жақын байланыста болған адамдарды уақтылы іздеу, сондай – ақ оларды оқшаулау үшін медициналық-эпидемиялық бригадалар құрылды. Олардың жұмысын облыс әкімінің Ахуалдық орталығы базасында оқшаулау орталығы үйлестіреді.

Уақытылы және сапалы медициналық көмек көрсету үшін облыста 40 инфекциялық стационар дайындалды, толық медициналық жабдықталған 6 мыңнан астам төсек-орын ұйымдастырылды, оның ішінде 399 – реанимациялық.

– Инфекциялық стационарларға барлығы 696 пациент жатқызылды, олардың 76-сы ауыр халде, қалғандары орташа ауыр халде. Карантиндік стационарларда 19 адам жатыр, – деп түйіндеді Асқар Хорошаш.

Өскеменде үшінші деңгейдегі инфекциялық төсектер санын арттыру үшін осы аптада ЖМЖА базасында 150 төсектік жаңа инфекциялық госпиталь ашу жоспарлануда, онда жақында күрделі жөндеу жүргізілді.

– Ковидті науқастарды орналастыру үшін стационарлар жөнделді. Өскемен қаласында облыстық мамандандырылған медициналық орталықта және №4 қалалық ауруханада, Семей қаласында – жұқпалы аурулар ауруханасында және Жарма, Катонқарағай, Ұлан, Глубокое, Күршім және Тарбағатай аудандарының ауруханаларында жөндеу жұмыстары жүргізілді,-деп атап өтті Асқар Хорошаш.

Бүгінгі таңда облыс стационарларында 533 дәрігер және 1,5 мыңға жуық орта буынды медициналық қызметкер еңбек етеді. Төсек қорының артуына байланысты қосымша 148 дәрігер мен 212 медбике тартылды. Сондай-ақ, 140 дәрігер мен 197 орта медициналық мамандар резерві бар.

Пандемия кезеңінде Шығыс Қазақстанда барлығы 1423 медицина қызметкері қауіпті індетті жұқтырды, оның ішінде 8 адам қайтыс болды. Жалпы жағдайлардың 745-і өңірлік комиссияда қаралды, оның шешімі бойынша 631 жағдай бір жолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру бойынша ҚР ДСМ бұйрығының талаптарына сәйкес болып шықты.

Біржолғы әлеуметтік төлемді өңірлік комиссия мақұлдаған барлық медицина қызметкерлері, оның ішінде қайтыс болған 8 дәрігердің отбасылары алды.

ШҚО ауруханаларында жарты миллионнан астам дәрі-дәрмек қоры бар.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медициналық ұйымдарда медициналық көмек көрсету үшін дәрілік препараттардың қоры жеткілікті.

Дәрі-дәрмектердің ішінде 144 мыңнан астам антипиретиктер, 65 мың вирусқа қарсы құралдар, сондай-ақ 300 мыңнан астам антибиотиктер бар. Сондай-ақ, облысқа көптеген елдерде қолданылып жүрген жапон ғалымдары әзірлеген “Фавипиравир” препараты әкелінді.

Дәрі-дәрмектердің мұндай қоры 1 ай ішінде ауруханалардағы төсек-орын толық жүктелген кезде көмек көрсету үшін жеткілікті.

Сондай-ақ, жоғары сұранысқа ие дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарының тұрақтандыру қоры құрылды. Облыстың барлық медицина қызметкерлері індетке қарсы костюмдердің, маскалардың, респираторлардың және қолғаптардың 60 күндік қорымен қамтамасыз етілді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *