ШҚО Ұлан ауданында индустриялық-инновациялық жобалар жүзеге асырылуда

Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағанов баспасөз-конференциясы барысында индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтты.

Жобалардың бірі Өскемен құс фабрикасындағы бройлер өндірісін жылына 50 мың тонна ет өнімдеріне дейін кеңейту болып табылады. Аудан әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта ЖСҚ әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны іске асыру аясында 400-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылмақ.

Тағы бір индустриялық-инновациялық жоба – бестер бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығы мен етін өндіру. Мұнымен 2014 жылдан бастап Саратовка ауылы маңындағы «OstFish» ЖШС айналысады. Жобаның басты мақсаты – балық өнімдерінің маңызды өндірісін құру және оны Қазақстан нарығына және одан тыс жерлерге шығару. Аудан басшысы атап өткендей, бүгінгі таңда үш модуль, әкімшілік-тұрмыстық кешен, модульдік қазандық салынды. «БЖК-2020» картасы аясында инфрақұрылым тарту, электр және сумен жабдықтау, жарықтандыру жүргізіліп, желдеткіштер орнатылды. Жабдықтар орнатылып, барлық 3 модуль балықтандырылды. Жоба аясында 2020 жылға қарай қуаттылығы бойынша 45 тонна бекіре еті мен 4 тонна уылдырық шығарылмақ.

Биылғы жылы мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына «CREADA CORPORATION» ЖШС литий тотығы концентратын алу мақсатында пегматит кенін қайта өңдеу бойынша заманауи кәсіпорын құрылысы жобасы қолға алынды. Жобаны Ұлан ауданында, Өскеменнен 60 шақырым жерде Самар ауылына баратын автомобиль жолы, Тарғын ауылынан солтүстік – батысқа қарай 3 шақырым жерде іске асыру жоспарлануда. Өндірістік қуаты жылына 30 мың тоннаны құрайды, 120-дан астам тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда. Қазіргі уақытта барлау және кейінгі өндіру жүргізуге лицензия алынды, геологиялық бағалауға арналған жоба әзірленуде.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *