ШҚО-да саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Қазақстанда 1997 жылдан бастап, жыл сайын көктемнің соңғы күні 31 мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтіледі. Бұл күні жазықсыз сотталған, ең ауыр жазаға кесілген, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды еске алады.

Еліміздің аумағында ірі әрі қасіретке толы КарЛАГ, СтепЛаг, АЛЖИР еңбекпен түзеу лагерлерінің құрылымдары жұмыс істеді. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан лагерлеріне 5 млн-нан астам адам жер аударылды. 1920-1953 жылдар аралығында тек Қазақстанда ғана 100 мыңнан астам адам сотталды. 25 мың адамға ату жазасына кесілді. Осы жылдары қазақ зиялыларының Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышбаев және Сәкен Сейфуллин сияқты көптеген көрнекті өкілдері лагерьлерде жазасын өтеп, жазықсыз атылды. Қазақстанға жүздеген мың түрлі ұлт өкілдері – кәрістер, түріктер, ирандықтар, күрдтер, әзірбайжандар депортацияланды. Ал соғыстан кейінгі жылдары немістер, гректер, шешендер, ингуштар, қарашайлар, балқарлар, қырым татарлары және басқа да халықтар жаппай депортацияға ұшырады.

1944 жылдың қысының аяғында Шешен-Ингуш АКСР аумағынан шешендер мен ингуштердің жер аударылуы ең ірі жаппай депортациялау болды. Жарты миллионға жуық адам өз үйінен және әдеттегі өмір салтынан айырылды. Отанын сатқандар деп айып тағылғандар мал тасымалдауға арналған вагондарға тиеліп, Қазақстан мен Орта Азияға жіберілді. Оларға фашистік басқыншыларға көмектесті деген айып тағылды. Шын мәнінде, бұл олай емес еді. Себебі шешендер мен ингуштардың арасында фашистік оккупациядан бостандық үшін өмірін құрбан еткен нағыз батыр тұлғалар болды. Оның үстіне, халықтың басым бөлігі майданға өз еріктерімен аттанған еді.

Уақыт өте келе тағылған айыптар алынып, шешендер мен ингуштарға туған жеріне оралуға рұқсат етілді. Алайда бастан кешкен аса ауыр кезедер қуғын-сүргінге ұшырағандардың ғана емес, олардың ұрпақтарының да мәңгі есінде қалды. Барымен бөлісіп, басына пана болған қазақ халқының кеңпейілділігі мен қонақжайлылығы, бүгінде әр отбасында ұрпақтан ұрпаққа айтылып, ұмытылмай келеді. Солардың бірі – шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің мүшесі Хамзат Янгулбаевтың отбасы. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпағы сол қиын сәтті естерінен шығарған жоқ. Енді ондай зұлымат заманның болмауын тілейді.

– Мен Шатоя ауылынан келген альпинистпін. Шешенстан Республикасының оңтүстігін мекендеген ата-бабаларымның 17 ұрпағын білемін, – деп әңгіме бастады Хамзат Хасанұлы. – Менің халқымды депортациялау 77 жыл бұрын болған. 1944 жылы 23 ақпанда жол жөндеушілердің киімін киінген әскерилер ауылға келді. Олар адамдарды жинап, мәжбүрлі түрде таныс емес елдерге жер аударды. Таулы аймақтарда тұратын халықтардың қалың қардың салдарынан таулардан түсуі қиын болғандықтан, тапсырманы бұлжытпай уақытынды орындау үшін оларды қораларға кіргізіп, өртке орады.

Шамасы жеткені қашып құтылды, алайда ондайлардың қатары көп болмады. Өйткені, жер аударылғандардың басым бөлігі қарттар, әйелдер мен балалар болды. 

Бұл кезде ер адамдар Ұлы Отан соғысы майданында соғыста болды. Кеңес Армиясының қатарында болған және отанын қорғаған сарбаздар да күштеп қоныс аударуға ұшырады…

Хамзат Янғұлбаевтың ата – бабалары Шатой туған ауылынан Шығыс Қазақстан облысына келген.

– Мұнда тұратын қазақ халқы бізді жылы қабылдады. Олардың мейірімділігінің, адамгершілігінің арқасында олар аман қалдық. Алдымен Ұлан ауданында тұрдық. Кейін әкем Алтай ауданына барды. Ол жерде кен орынында жұмыс істеді.

Янгулбаевтар отбасы ұзақ жылдар бойы Өскеменде тұрып, адал еңбек етті. Кейін Овечий ключ ауылына көшті. Ақталғаннан кейін тарихи отанына оралуға мүмкіндік болды. Алайда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген Хамзат Хасанұлы осында қалып, үйленді. Әйелімен бірге білім алып, үш баланы тәрбиелеп өсірді.

Қуғын-сүргінге ұшырағандардың ішінде Өскемен қаласының тұрғыны Лидия Рооттың да отбасы бар. Қуғын-сүргінге ұшыраған Еділ немістерінің ұрпағы бұрын Саратов облысының Балцер қаласында тұрған туыстарының қалай депортацияланғаны туралы естеліктерімен бөлісті. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін, Сталиннің бұйрығымен әжесі Мария Яковлевна балаларымен бірге Алтай өлкесінің Хуторка ауылына жер аударылды. Онда оны орман ағашында ауыр жұмыс күтіп тұрды. Сөйтіп ол бір көзінен айырылды. Кіші қызының қайтыс болуы үлкен қайғылы болды. Орташа ұлы – Александр Оралға, ал кіші – 16 жастағы Виктор Кемерово шахталарына жіберілді. Онда ол жамбас сүйектерінен жарақат алды, оны вагонетка басып қалған. Лидияның әкесі – Генри ол кезде артиллериялық полкте әскерде қызмет еткен. Бірақ 1941 жылдың қарашасында жер аударылды.

– Әкем Шығыс Қазақстан облысының Белоусовка ауылына жер аударылды, – деді Лидия Роот. – Ол шахтада жұмыс істеп, ерен еңбегі үшін медальмен марапатталды. Мұнда байыту фабрикасының құрылысы кезінде ол менің анам – Мария Колпаковамен танысты.

1945 жылдың қыркүйегінде кішкентай Лида дүниеге келді. Ата-аналар қызға анасының аты мен атасының әкесінің атын беруге мәжбүр болды. Тек, жарты ғасырдан астам уақыт өткен соң ғана, 1996 жылы ол құжаттарын қалпына келтіріп, Роот Лидия Генриховна болды.

Кейін Лидия Генриховна Семейдегі медициналық институтты бітіріп, өмірінің 48 жылын медицина саласына арнады. Ата-анасының жолын қуып, ол орыс ұлтына тұрмысқа шықты. Интернационалдық отбасыда екі бала дүниеге келді. Ұлы Өскеменде, ал қызы Германияда тұрады. Айтпақшы, ол анасын көшуге көндіріп көрген, бірақ Лидия Роот бас тартқан.

– Менің Отаным – Қазақстанда, – дейді ол. – Мен осында дүниеге келдім. Достарым, қоғамдық ортам бар. Қазақ халқы өте қонақжай.

2020 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия құруды тапсырды. Шығыс Қазақстанда комиссияның бірінші отырысы ағымдағы жылдың қаңтар айында өтті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша 10 жұмыс тобы құрылды. Комиссия мен жұмыс топтарының құрамына қоғам қайраткерлері, облыстың жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғалымдары, этномәдени бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, мұрағаттар мен арнайы органдардың қызметкерлері кірді. Бүгінгі күні облыстың мемлекеттік мұрағаттарында 13 қордың құжаттары қаралды. Нәтижесінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында Алматы жастарын қолдаған Өскемен қаласының және Саратов ауыл шаруашылығы техникумының оқушылары мен студенттерін оқудан шеттету, БЛКЖО мүшелігінен шығару туралы деректер анықталды.

Жұмыс тобының мүшелері 372 көтерілісті басу барысында сотсыз және тергеусіз атылғандар, сондай-ақ, соттан тыс және сот органдары арқылы қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы материалдарды анықтады. Бұл көтерілістерге қатысқаны және қолдауы үшін облыс мемлекеттік мұрағатының партия қорларының құжаттары бойынша ШҚО аумағында өткен төрт көтеріліс туралы мәліметтер анықталды: Семей қаласында, Шыңғыстау ауданында, Ақсуат ауданында, Бұқтырма және Өскемен аудандарының аумағын қамтыған Толстоухов көтерілісі. Көтеріліске 900 адам қатысып, 564 адам тұтқынға алынды. 160 адам қаза тауып, 70 мыңға жуық адам жараланды. Қазіргі уақытта көтеріліске қатысушылардың тегін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бұдан басқа, өңірде мемлекеттік комиссияның материалдарды одан әрі қарауы мақсатында саяси себептер бойынша мемлекет қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар туралы ақпарат жинау үшін “Саяси қуғын-сүргіннің ақталмаған құрбандарын іздестіру” порталы құрылды. Аталған порталға облыс тұрғындары азаматтардың ақталмаған санаттарының жаңа есімдерін анықтау бойынша ақпарат жолдауға мүмкіндігі бар. Өтініш берушіге сауалнаманы толтыру қажет, сондай-ақ, оған қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстары мен жақындарының қандай да бір себептері бойынша ақпарат, естеліктер, фотосуреттер, құжаттар, кез келген материалдар орналастыру мүмкіндігі беріледі. Қазіргі уақытта қарауға үш өтінім келіп түсті.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *