Семейдің Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетіне Әлихан Бөкейхан есімі берілді

Бұл күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның тарихи-мәдени орталығы» атаған киелі Семей қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның  туғанына 155 жыл толуына орай «Әлиханның Семейге оралуы» концепциясы аясында бірқатар  қоғамдық, ғылыми және мәдени іс-шаралар өтті.

Айтулы күн жас Әлихандардың қатысуымен Әлихан бюстінің салтанатты ашылуымен  басталды. Бюст авторы – белгілі мүсінші, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшесі Талғат Абдукаримұлы.

–           Оқу орнымыздың сирек ғасырға жуық тарихында бүгіннен бастап Әлихан Бөкейхан университеті атауымен жаңа кезеңімізді бастап отырмыз. ҚР Президентінің мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туғанына 155 жыл толуын мағыналы да мазмұнды атап өту жөніндегі идеясы негізінде білім алушылардың білдірген тілектерімен, сондай-ақ қоғамдық пікірді  ескере отырып, министрліктің келісімімен Әлихан Бөкейхан есімін иелену шешімін қабылдадық. Әлихан бейнесі, рухани мол мұрасы  халықтың жадында жаңғырып тұр. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында кезінде Алаш Орда үкіметінің саяси орталығы болған Семейде Әлихан Бөкейхан университетінің болуы заңдылық,- деді ректор, саяси ғылымдар докторы, профессор Шырын Құрманбаева.

Бұл күні өзге бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі –  Абай музейінің ұйымдастыруымен өткен «Алаш алыптары» көрмесі. Мұнда алаш қайраткерлерінің қоғамдық қызметі жайындағы деректер, тарихи фотосуреттер, 40-қа жуық экспонаттар мен кітаптар қойылды.

Айта кетейік, шараға қала басшылығы, алаштанушы ғалымдар, зиялы қауым және білім алушы жастар қатысты.

Семей қаласының ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *