ШҚО-да жыл басынан бері 17,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Мемлекетке қайтарылған барлық пайдаланылмайтын жерлер бұдан әрі қолданыстағы жер заңнамасын ескере отырып қайта бөлінетін болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Шығыс Қазақстан облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Сарманов мәлім етті. – Бірінші кезекте қалалар мен аудандар әкімдіктері жергілікті халықтың жеке ауласындағы малдарын жаю үшін жайылымдарға деген қажеттілігін қанағаттандыруға баса назар аударатын болады, – деді басқарма басшысының орынбасары. Баспасөз конференциясы барысында Дәулет Сарманов Шығыс Қазақстан облысының аумағы 9785,9 мың гектар құрайтынын атап өтті. Оның ішінде егістік – 672,3 мың гектар, тыңайған жерлер – 70,5 мың гектар, көпжылдық екпелер – 3 мың гектар, шабындықтар – 460,8 мың гектар, жайылымдар – 5125,2 мың гектар. – Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ғарыштық мониторингінің деректеріне сәйкес облыс бойынша Ғарыш Сапары веб-порталында 2022 жылы 625 мың га пайдаланылмайтын жер тіркелді, оның ішінде 508,8 мың га алаңда субъектілерге бармай профилактикалық бақылау шеңберінде жер пайдаланушыларға 1 жыл мерзімге жерді пайдалану қажеттілігі туралы нұсқаулар жіберілді, 116,2 мың га алаңда пайдаланылмау фактілері расталмады, – деді Дәулет Сарманов. Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша біздің облыс мемлекеттік меншікке 125,7 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтарды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *