ШҚО командасы Азия чемпионатын жеңіспен бастады

Бүгін “Арена” көпфункционалды спорт кешенінде әйелдер арасында волейболдан Азия чемпионаты басталды. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Иран және Тайланд елінің командалары қатысуда. Бұл чемпионатта біздің еліміздің намысын бірден 2 команда – Шығыс Қазақстан облысынан “Алтай” және Солтүстік Қазақстан облысынан “Қуаныш” қорғауда.
Қазақстанның екі клубы чемпионаттың алғашқы күнінде өзара кездесті. Тартысты күресте 3:1 есебімен Шығыс Қазақстан облысының “Алтай” клубы жеңіске жетті. Командалар 4 тайм ойнады. Бірінші таймда “Алтай” 25:18 есебімен жеңіске жетті. Екінші таймда “Қуаныш” есепті теңестіріп, 19:25 есебімен жеңді. Үшінші таймда “Алтай” 25:19 есебімен алға шықса, төртінші таймда Шығыс Қазақстан облысы командасы 25:19 есебімен жеңіске жетті.
Ертең, “Қуаныш” турнирдің басты фавориттерінің бірі – Тайландтан келген “Diamond Food Fine Chef Sport Club”- пен кездессе, ал “Алтай” көрші Қырғызстаннан келген “Kyrgyzstan VC” командасымен өтетін матчта ең мықтыны анықтайды. Айта кетейік, “Алтай” клубы 2021 жылғы Азия чемпионы.
Бұған дейін команда өкілдері баспасөз конференциясын өткізіп, онда спортшылар турнирге мұқият дайындалғанын және осындай маңызды чемпионатқа дайын екендіктерін атап өтті. Шетелдік спортшылар жылы лебіздерін білдіріп, ұйымдастырушыларға шақырғандары үшін алғыстарын білдірді. Турнирді ШҚО Әкімдігінің, Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен Қазақстан Республикасының Волейбол федерациясы мен “Алтай” волейбол клубы ұйымдастырды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *