Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне айлық шарасы басталды

Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен бейнеконференцбайланыс режимінде халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орайластырылған айлықтың ресми отырысы өтті. Отырыста жұмыс тобы мүшелерінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу бойынша, оның ішінде ІІМ-нің елдегі қазіргі есірткі ахуалы және ішкі істер органдарының осы бағыттағы жұмысының нәтижелері туралы баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ нашақорлыққа қарсы іс шараға бейнеконференц арқылы ШҚО әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтов, ШҚО полиция департаментінің қызметкерлері, есіркі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қатысты. Шарада халықтың әлеуметтік желілер арқылы синтетикалық есірткілерге қол жеткізуі, сондай-ақ жастардың қылмыстық есірткі ортасына тартылуына байланысты мәселер сөз етілді. Осыған байланысты мүдделі мемлекеттік органдарға синтетикалық есірткілердің таралуын, оның ішінде интернет-ресурстар арқылы таралуын және басқа елдерден есірткінің түсуін болдырмау, сондай-ақ халық арасында алдын алу жұмыстарын жандандыру жөнінде кешенді шараларды қабылдау керек екендігі, қоғам болып күресіп, тосқауыл қою керек екені айтылды. Сондай-ақ мемлекеттік органдарға басқа органдармен бірге блогерлерді, қоғамдық ұйымдарды, волонтерлер мен БАҚ-ты тарта отырып, нашақорлыққа қарсы күрес насихат жұмыстары да үдетілмек. «Бүгін халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орайластырылған айлық елімізде бастау алды. Нашақорлық пен тек үкімет немесе ішкі істер органдары ғана қоғам болып осы індетпен күресуіміз керек. Осы айлықтың негізінде 90-ға жуық профилактикалық іс-шаралар өтпек. Соның ішінде семинарлар, бұқаралық спорттық сайыстар өткізу жоспарда бар. Сондай-ақ 26-маусым күні облысымызда «нашақорлыққа жол жоқ» атты кең көлемде шара өткіземіз» деді ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нариман Күлдиков. Ең бастысы қоғамның топтасуы мен бірлескен қарсы іс – қимылдың арқасында ғана қазіргі заманның жаһандық проблемасы – нашақорлықты шешуде оң нәтижелерге қол жеткізуге болады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *