Өскемен қаласында республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу мәселелері жөніндегі семинар-кеңес өтті.

Бүгін Өскемен қаласында республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу мәселелері жөніндегі семинар-кеңес өтті. Аталған шараға учаскелік референдум комиссияларының төрағалары мен хатшылары, аумақтық референдум комиссияларының мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың, саяси партиялардың, әділет органдарының, прокуратураның, құқық қорғау органдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Семинар-кеңесте ҚР Орталық референдум комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова ханым республикалық референдумның  өзектілігіне, ерекшеліктеріне тоқталып өтті. Сонымен қатар бүгінгі таңда ел өміріндегі ауқымды шараға барлық жағдай жасалынып жатқанын жеткізіп, конституциялық өзгерістерге арналған республикалық референдумға 12 миллионға жуық адам қатыса алады деп атап өтті. «Референдумды ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі науқан жаңа кезеңге аяқ басты. Учаскелік референдум комиссиялары жұмысқа толығымен кірісті. Барлығы 10 013 референдум учаскесі іске қосылады. Сондай-ақ, орталық сайлау комиссиясы республикалық референдумда дауыс беруге арналған бюллетеньдердің санын бекітті. 20 мамырдан бастап кез келген адам тұрғылықты жері бойынша тізімде өз атын тексеруге мүмкіндік алды.  Ал қандай да бір өзгеріс енгіземін десе, учаскелік референдум комиссиясына өтініш жазуға мүмкіндік бар. Ондай өтініштер сол күні бірден қаралады» деп жеткізді қатысушыларға  семинар-кеңесте ҚР Орталық референдум комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова. ШҚО бойынша 1027 референдум учаскесі іске қосылатын болады. Оның 68-і әскери бөлімдерде, демалыс үйлерінде, санаторяларда, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерінде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында референдумға қатыса алады. Ал жекелеген азаматтар денсаулық жағдайына, отбасының науқас мүшесіне күтім жасауына байланысты дауыс беру үшін келе алмаған жағдайда, осыған дейінгі сайлау тәжірибесін ескере отырып, жылжымалы сайлау учаскесі енгізілетін болады. Сондай-ақ бүгінде өңірдегі референдум учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі жандардың келіп қатысуына барлық жағдай жасалынып, 5-ші маусым күні инватакси қызметіне жүгіне алады. Референдум жайлы ақпараттық жұмыстар кең көлемде жүргізіліп, 374 мыңға жуық облыстық «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттері шығарылып, халыққа таратылғанын ШҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев атап көрсетті.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *