Өскеменде ерекше балаларға арналған әлеуметтік маңызды нысан іске қосылды

Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен шаһарында «Үлбі» аумақтық халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығында аутизмі бар балаларға арналған «Қамқорлық» орталығы іске қосылды.

Аталған игі шараға облыс әкімі Даниал Ахметов пен «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқармасы төрағасының орынбасары София Айсағалиева, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұлан қатысты. Мұнда аутизм спектрі бұзылған балаларға кешенді көмек көрсетіледі. Бір жерде әртүрлі мамандар әр баламен баланың қабілеттері мен қажеттіліктерін ескере отырып, әдіскерлер әзірлеген жеке бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Жыл сайын орталықта 1,5-тен 18 жасқа дейінгі 125 бала мамандардың көмегін тегін алып, олардың ата-аналарына қолдау көрсетіледі. Ава-терапия, эрготерапия, кинезиотерапия, бейімделген және емдік дене шынықтыру, еңбек терапиясы, арт-терапия, музыкалық терапия, сенсорлық интеграция, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, логопед, психолог және дефектолог сабақтары қарастырылған. «Аутизмі бар бала асырап отырған әр ата-ана үшін бұл орталықтардың маңыздылығы зор. «Қамқорлық» орталықтары «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорларының ынтымақтастығының арқасында ең замануи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл жерлерде жоғары деңгейде дайындалған мамандар балаларға көмек көрсетеді. Бірлескен еңбегімізді ата-аналар тарапы лайықты бағалайды деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз – елдің барлық өңірін қамти отырып, ерекше балаларды жақын жерден қолжетімді әрі тиімді оңалтумен қамтамасыз ету. Осындай 3 орталық Шымкент мен Павлодар және Талдықорған қалаларында жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 4 орталық Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай облыстарында және Алматы қаласында ашылады», – деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов. Айта кетейік орталық қызметкерлері аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларды оңалту саласындағы отандық және шетелдік сарапшылардың курстары арқылы және тренингтер мен көшпелі семинарларды қамтитын арнайы әзірленген бағдарлама шеңберінде оқудан өтті. Мамандар Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен бірнеше кезең бойынша оқытылады. Жоба барысында еңбек терапиясына және әлеуметтік-тұрмыстық бағытқа ерекше назар аударылады. Орталықтағы кабинеттер ағаш ұстасы және қыш шеберханалары, тігін цехымен жабдықталған. Тұрмыстық дағдылар арнайы жабдықталған бөлмеде оқытылады. Сонымен қатар, Қамқорлық» орталығы мамандарының иелігінде жаңа технологиялар, интерактивті және сенсорлық бөлмелер, роботерапия және робототехника, лего-кабинет бар. Бұл қызметтердің барлығын тегін алуға болады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *