ШҚО-да 75 сейсмикалық қауіпті елді мекен бар

Шығыс Қазақстан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің алдын алу басқармасының инженері Нұрболат Өтеев Шығыс Қазақстан аумағында 6-дан 9 балға дейінгі сейсмикалық әсерлер болуы мүмкін екенін және 75 сейсмикалық қауіпті елді мекен бар екенін брифинг барысында айтып өтті.

– “6 балдық аймақта Шемонаиха ауданы, 7 балдық аймақта – Өскемен және Риддер қалалары, Алтай және Самар аудандары, сондай-ақ Глубокое, Күршім, Ұлан аудандары, 8 балдық аймақта – Зайсан, Тарбағатай, Катонқарағай аудандары, 9 балдық аймақта-Катонқарағай ауданының таулы жерлері орналасқан”, – деді Нұрболат Өтеев.

Соңғы 10 жылда ШҚО аумағында 2-ден 6 баллға дейінгі жер сілкінісінің 24 жағдайы тіркелді, зардап шеккендер болған жоқ.

2020 жылғы 14 қазанда “Қазақстан Республикасының сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған шаралар кешенінің Жол картасы бекітілген. Нұрболат Өтеевтің келтірген мәліметі бойынша, ағымдағы жылы облыс аумағында білім беру және денсаулық сақтау объектілерінде 1030 сейсмикалық жаттығулар, облыстың 1352 оқушысы мен оқытушысын қамтитын интерактивті сабақтар өткізіліпті. Жыл басынан бері сейсмикалық қауіпті болып табылатын 2 қала мен 9 ауданда жер сілкінісі болған жағдайда іс-қимылдар бойынша жадынамалар тарата отырып, тұрғын үйлерді аралап, насихат жұмыстары жүргізіліпті.

Сонымен қатар, баспасөз мәслихаты барысында “Қазселденқорғау” Шығыс Қазақстан филиалы бастығының орынбасары Омар Дүзгімбаев облыс аумағында бар 144 мореналық көл 11 елді мекенге қауіп төндіретінін, 13 селдің пайда болу ошағын құрайтынын айтып өтті.

– ” Өңірде сел көшкіні жүру қаупі бар учаскелер сирек кездеседі. Бұл Алтай, Катонқарағай, Зайсан және Риддер қалаларында орналасқан Громотуха, Уба, Черновая, Хамир, Бұқтырма және Кендірлік өзендерінің бассейндері. 2023 жылғы 15 мамырдан бастап сел жүру қаупі бар кезеңге облыс бойынша 10 бақылау гидропосты ашылды, оның ішінде 9 маусымдық және 1-і жыл бойы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта ШҚО-да қазір жағдай тұрақты, – деп атап өтті О. Дүзгімбаев.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *