ШҚО-ғы еңбек әулеті «Еңбек жолы» республикалық байқауында 2 орын алды

ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Әскерханқызы Мусинованың қатысуымен «Еңбек күніне орай жасалған іс-шаралар туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

Еңбек күні – Қазақстан күнтізбесіндегі ең жас мерекелердің бірі. Ресми түрде 2013 жылы құрылды және қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Еңбек күніне орай еңбек әулеттері мен өндіріс қызметкерлері арасында «Еңбек Жолы» республикалық байқауы өткізіледі. Конкурсты Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өткізеді. Мақсаты – еңбек адамдары туралы оң қоғамдық пікір қалыптастыру және кәсіпорындар мен ұйымдарда жаңа еңбек әулеттерін қалыптастыру үшін жағдай жасауды көздейді. Конкурс жыл сайын екі кезеңде – өңірлік және республикалық деңгейлерде, үш номинация бойынша өткізіледі.

-«Шығыс Қазақстан облысында бұл байқау жыл сайын өткізіледі. 2017 жылдан бастап біздің облыс 4 рет «Еңбек Жолы» байқауының республикалық кезеңінің жеңімпазы атанды. 2023 жылы «Еңбек жолы» конкурсына қатысуға номинациялар бойынша 36 өтінім ұсынылды.«Үздік еңбек әулеті» бойынша – 10 өтінім, «жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» – 13 өтінім, «өндірістің үздік жас қызметкері» – 13 өтінім келіп түсті. «Еңбек Жолы» конкурсының облыстық деңгейінде жеңімпазды анықтау жөніндегі комиссия отырысының хаттамасымен номинациялар бойынша конкурстың облыстық кезеңінің 3 жеңімпазы анықталды. «Үздік еңбек әулеті» – Аушиновтар әулеті, «Казцинк» ЖШС Риддер тау-кен металлургия кешені, Риддер қаласы, жалпы еңбек өтілі – 181 жыл, 10 адам. «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» – Төстіков Әділет Зарқанбасұлы, «Өскемен жылу желілері» № 2 қазандық учаскесінің шебері, Өскемен қаласы, еңбек өтілі 20 жыл, 50-ден астам жас маманды оқытқан. Ал«өндірістің үздік жас қызметкері» номинациясы бойынша – Шағыманов Дарын Мұхтарұлы жеңіп алды»,-деді ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Әскерханқызы Мусинова.

«Еңбек жолы» конкурсының республикалық комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша республика бойынша екінші орынды Аушиновтар әулеті иеленді. 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Астана қаласында Республикалық форум мен «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімін өткізеді, онда Аушиновтар әулеті марапатталмақ.

Өңірде «Еңбек күні» бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланған. «Адал азамат – Адал еңбек», «Еңбек адамы» идеясын ілгерілету, сондай-ақ еңбек адамдары мен өндірістердің озықтарын көтермелеу жөнінде түрлі шаралар өтпек. Сондай-ақ 15 қыркүйек күні облыстың барлық қалалары мен аудандарында еңбек күніне арналған бос орындар жәрмеңкесі өткізілді. Ағымдағы жылдың 20 қыркүйегінде «Еңбек жолы» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттаумен, өндіріс озаттарын, еңбек ардагерлерін, облыстың түрлі салалары мен кәсіпорындарының үздік қызметкерлерін марапаттаумен Еңбек күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *