ШҚО медициналық техника сатып алуға 10,3 млрд теңге қарастырылған

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник ағымдағы жылдан бастап 2025 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысы үшін медициналық техниканы сатып алуға 10,3 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылғанын айтты.

– Барлық денсаулық сақтау ұйымдарын, оның ішінде босандыру және реанимация қызметтерін медициналық жабдықтармен жарақтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Облыс бойынша медициналық техникамен жабдықтау 85,8%, тозу – 59% құрады, – деді Вячеслав Дудник.

Сонымен қатар елімізде алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жыл сайын артып келеді. 2023 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін нозологиялар тізімі 3,6 млн адамды қамти отырып, 225 млрд теңге болатын 126 атауға дейін кеңейтілді. Ағымдағы жылы өңірдегі емханалар үшін 7,2 млрд теңгеге, ал стационарлар үшін 6,5 млрд теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынды.

– Шығыс Қазақстан облысында циклотронмен ПЭТ/КТ орталығын ашу және онкологиялық орталыққа (бөлімшелерге) күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Ауылдағы денсаулық сақтау саласына жеке тоқталғым келеді. Жетуі қиын ауылдық елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін 149 жылжымалы медициналық кешеннің әлеуеті кеңінен пайдаланылады. Өңірде 7 МКП жұмыс істейді. 2023 жылы 45 мыңнан астам ауыл тұрғыны қамтылды, жыл соңына дейін тағы 1 мың адамды қамтуды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті спикер.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді. ШҚО-да 36 медициналық нысанның құрылысы көзделген. Ана мен баланы қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді, осылайша облыста озық жабдықтармен жабдықталған және білікті медицина қызметкерлерімен жасақталған 13 заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы қамтамасыз етіледі.

– 2023 жылдың 1 қазанына облыста халықтың 86%-ы сақтандырылды. МӘМС енгізілгеннен бері медициналық көмекті қаржыландыру көлемі 2,5 есеге өсті, бұл ретте бір тұрғынның денсаулығына жұмсалатын шығын 2 есеге артты, – деді В.Дудник.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *