ШҚО-да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуін тежеу жұмыстары жалғасуда

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының сауда саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі бөлімінің бас маманы Жадыра Ерланова жұмыртқа мен күріш бағасының өсуіне қарамастан, өңірде қалған ӘМАТ бағасын тежеу бойынша барлық жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

– Мемлекет тарапынан құс фабрикаларына дотацияның болмауы, коммуналдық қызмет, ЖЖМ, жемшөп, дәруменді қоспалар және т.б. бағалардың өсуі тауық жұмыртқасы бағасының көтерілуіне себеп болса, күріштің бағасы Қызылорда облысы өндірушілерінің көтерме бағаны өсіруіне байланысты болды, – деді Жадыра Ерланова.

Облыста «айналым схемасын» іске асыру жалғасуда. Бюджеттен 4,2 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып отыр, жыл басынан бері 447 жәрмеңке өткізіліп, 1,7 млрд теңгенің өнімі сатылды.

– Комиссия шешіміне сәйкес қазіргі уақытта 9 атауға (4 – жеміс-көкөніс және 5 бакалея тобы) қатысты тұрақтандыру тетіктері іске асырылып жатыр, – деді «Ертіс» ӘКК АҚ Бағаны тұрақтандыру департаментінің директоры Артем Демидов.

Оның айтуынша, жеміс-көкөніс өнімдерін сату ӘКК 24 сауда павильоны және өнімді өткізу туралы меморандум жасасқан 34 сауда нүктесі арқылы жүзеге асырылады.

– Бакалея тобы бойынша тегістелген күріш, қарақұмық жармасы, қант, макарон өнімдеріне және тазартылған күнбағыс майына қатысты бағаларды тұрақтандыру жүзеге асырылады. Бакалея тобы бойынша жиынтық келісімшарт көлемі 5 мың тоннадан асады. Бағаны тұрақтандыру тетіктерін дамыту мақсатында ӘКК «Алтай» көтерме-тарату орталығын салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асырады. Бұл нысан жалпы ауданы 20 мың шаршы метр көкөніс сақтау қоймаларынан және ауданы 2,2 мың шаршы метр кросс-доктан тұрады. КТО іске қосу ағымдағы жылдың 4 тоқсанына жоспарланған, – деп атап өтті спикер.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *