ШҚО ТЖД-да «Жатақхана» жедел-алдын алу іс-шараларын қорытындылады

Ағымдағы жылдың 13-17 қараша аралығында ел аумағында «Жатақхана» жедел-алдын алу іс-шаралары өтті. Шығыс Қазақстанда азаматтық қорғаныс, полиция және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің арасынан құрылған мобильді топтар жатақханалар мен хостелдердегі өрттердің және өрт қауіпсіздігі заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған 25-тен астам профилактикалық рейд ұйымдастырды. Өңірде барлығы 28 қонақ үй мен жатақхана нысаны бар, олардың басым бөлігі Өскемен қаласының аумағында орналасқан.

– «Жатақхана» жедел-алдын алу іс-шаралары барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша жатақханалар мен қонақүйлердің иелерімен 12 кездесу-семинар, 512 адам қамтылған 15 жиын, жатақхана иелерінің қатысуымен 8 дөңгелек үстел өткізілді, 500-ден астам азаматтың қатысуымен әлеуметтік сауалнама ұйымдастырылды, – деді ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Нұржан Өміржанов ӨКҚ өткен баспасөз мәслихатында.

Тұрғындарға өрт кезіндегі тәртіп ережелерін үйрету мақсатында облыс орталығында оқу-жаттығулар өткізілді.

– Соңғы жылдары өңірдегі жатақханаларда 3 өрт жағдайы орын алды. Дәліз үлгісіндегі ғимараттарда түтін бүкіл қабатқа жылдам тарайды, ал егер қосалқы шығатын есік жабылып қалса, тұрғындарды эвакуациялау қиынға соғады. Жыл сайын қайталанатын бұзушылықтардың қатарына мыналар жатады: дәліздер мен баспалдақ торларының түрлі заттармен қоқырсуы, бөлмелерде темекі шегу, өрт қаупі бар электр сымдарын және қолдан жасалған электр тұрмыстық құралдарын пайдалану, – деп атап өтті спикер.

ШҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы Дасэн Аманбеков жатақханаларға арналып қайта жабдықталған жеке тұрғын үйлер мен коттедждер санының өсу үрдісі байқалып отырғанын және бұл өрт тәуекелдерінің туындауына әкелетінін баса айтты.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *