ШҚО Антикор облыстың денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтады

Шығыс Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі облыстың денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізген сыртқы талдау барысында, медициналық мекемелерде көрсетілетін қызметтердің сапасына теріс әсер ететін бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Денис Шакенов мәлімдеді.
Мысалы, талдау барысында облыстың бірқатар медициналық мекемелерінде жаңа медициналық жабдықтардың орнына ескісі алынғандығы анықталды.
Медициналық техникаға қойылатын нормативтік талаптарға сәйкес олар жаңа, бұған дейін пайдаланылмаған және жеткізу сәтіне дейінгі 24 ай ішінде өндірілуі тиіс.
Алайда, ана мен бала орталығында және облыстық ауруханада аталған талаптарға сәйкес келмейтін жабдықтар алынған.
Мұндай жабдықты қабылдау кейін оның дұрыс жұмыс істемеуіне, ерте тозуына және техникалық ескіруіне әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар талдау барысында анықталған өзекті мәселелердің бірі – медициналық мекемелерге көлік құралдарын бөлу және пайдалану кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері.
Сондай-ақ, медициналық мекемелер тауар жеткізушілерден медициналық жабдықты уақтылы жеткізбегені үшін тұрақсыздық айыбын төлеуді талап етпегендігі анықталды.
Мысалы, Күршім аудандық ауруханасына 88,8 млн.теңге тұратын маммографиялық цифрлық аппаратты бекітілген жеткізу мерзімінен 34 күн кешіктіріп жеткізген, алайда аурухана басшылығымен 533 мың теңге тұрақсыздық айыбы өндірілмеген. Глубокое аудандық ауруханасында да ұқсас жағдай орын алған, құны 14,7 млн. теңге болатын өкпені жасанды желдету аппараты уақтылы жеткізілмеген, 882 мың теңге тұрақсыздық айыбы өндірілмеген.
Кәсіпкерлердің медициналық жабдықты өтеусіз беруі, сөзсіз, бизнес субъектілерінің әлеуметтік жауапкершілігін көрсетеді. Алайда, кейіннен жабдықты ұсынушылар Қазақстан Республикасының аумағында аталған медициналық жабдыққа қажетті материалдарды эксклюзивті жеткізушілер болып табылады және бұл бизнес және мемлекеттік сатып алу саласындағы бәсекелестік қағидаттарына қайшы келеді.
Мысалы, Алтай ауданаралық ауруханасына демеушілік көмек ретінде құны 9,6 млн. теңге болатын биохимиялық анализаторлар жеткізілген. Осыдан кейін аурухана мен демеуші арасында 43,3 млн. теңгеге аталған медициналық жабдыққа қажетті материалдарды жеткізу шарты жасалды.
Сондай-ақ, медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізіліміне енгізілмеген және еліміздің медицина саласында пайдалануға болмайтын медициналық жабдықты теңгерімге қабылдау фактілері анықталды.
“Барлық анықталған фактілер бойынша кінәлі тұлғаларға қатысты шаралар қабылдау үшін қызметтік тексерулер басталды. Анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және алдағы уақытта мұндай бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында арнайы ұсынымдар дайындалып, құзырлы органдарға жолданды”, – деп атап өтті Денис Шакенов.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *