ШҚО Антикор балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің 7 қызметкерінің жалған дипломдарды пайдалану фактісін анықтады

Шығыс Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Талдау нәтижелері бюджет қаражатын тиімсіз жұмсауға және жымқыруға ықпал ететін елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екендігін көрсетті.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Денис Шакенов мәлімдеді.
Талдау барысында бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану жағдайлары, жалған дипломдар, спорттық командалардың іссапар барысындағы шығындарына арналған қаражатты жаттықтырушыларға аудару кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, сондай-ақ жалған оқу-жаттығу жиындарын өткізу фактілері анықталды.
Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің 7 қызметкерінің жалған дипломдарды пайдалану фактісі анықталды.
Сондай-ақ, талдау барысында 2021 жылы Өскемен қаласында орналасқан волейболдан олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі оқу-жаттығу жиындарын өткізгендігі және спортшыларға 4,1 млн. теңге жатын орындарына және тамақтанулары үшін іссапар төлемдері ретінде аударылғандығы, алайда бұл оқу-жаттығу жиындары Өскемен қаласындағы мектептің өз базасында өткізілгендігі анықталды. Яғни Өскеменде тұратын спортшыларға іс-сапар шығындарына төлем жасалған.
Жаңа-Бұқтырма кентіндегі және Серебрянск қаласындағы спорт мектептерінде тәрбиеленушілердің қайталану фактілері және жоғары жетістіктер спортын дамыту бойынша мемлекеттік сатып алу талаптарын бұзудың көптеген фактілері анықталды.
«Барлық анықталған фактілер бойынша уәкілетті органдармен тексерулер жүргізілуде, қорытындысы шыққаннан кейін қылмыстық-процестік заңнама шеңберінде процестік шешімдер қабылданатын болады. Мұндай бұзушылықтардың қайталануын болдырмау үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша уәкілетті органдарға нақты ұсынымдар берілді», – деп атап өтті Денис Шакенов.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *