ШҚО-да Брайль шрифтінде кітаптар басылады

Шығыс Қазақстан облысында зағип пайдаланушыларға арналған “Қолжетімді оқудың жаңа көкжиектері” Брайль шрифтімен әдебиет шығару жөніндегі монопроект шеңберінде қазақстандық авторлар кітаптарының тапшылығын өз күштерімен толтыруда.

Қазақстанда зағип оқырмандарға арналған кітаптарды жаппай шығаратын баспаның жоғы белгілі. Бұл мәселенің шешімі Шығыс Қазақстанның облыстық арнайы кітапханасында табылды. Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана қызметкерлері мемлекеттік тілде бедерлі-нүктелі қаріппен кітаптар шығаратын тифлокешеннің жұмысы мен мүмкіндіктері туралы айтып берді. . Мысалы, Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай автордың жинағы жарық көрді, өлкетанушы Әлібек Қантарбаевтың мерейтойна «Қасқыр тірлік…» кітабы шығарылды.

“Біздің республикамызда Луи Брайльдің бедерлі-нүктелі шрифтімен қазақ тілінде кітап шығаратын баспалар өте аз. Сондықтан біз қазақстандық авторлардың шығармаларымен танысқысы келетін оқырмандарымыз үшін тапшылықты өз күшімізбен толтыруға тырысамыз. Сонымен қатар, біз қазақстандық авторлар мен жазушылардың мерейтойлық күндеріне арналған кітаптар шығарамыз”, – деді ШҚО Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың қызмет көрсету секторының меңгерушісі Елена Дементьева.

Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан жазушыларының кітаптары да осы әдіспен басылып шығарылады.

“Біз өңіріміздің жазушыларымен және өлкетанушыларымен өте тығыз жұмыс істейміз, олармен кездесулер ұйымдастырамыз. Біз кітаптар шығарған кезде міндетті түрде презентация жасап, авторды шақыруға тырысамыз”, – деп қосты ол.

Кітапханашы Денис Ишунин кітапханада тифлокешеннің пайда болғанына өте қуанышты екенін айтты, өйткені бұған дейін Зағип және нашар көретін келушілерге қазақстандық авторлардың кітаптарын оқу мүмкіндігі болмаған.

“Жақында біз шығысқазақстандық жазушысы Алдияр Әубәкіровтың “Қызыл сиыр” және “Ақиқат жанымызда” деген 2 кітабын шығардық. Маған оның кітаптары ерекше ұнайды”, – деді ол.

Айта кетейік, осы жылдың көлемінде кітапханада рельефті-нүктелі қаріптермен, үлкейтілген қаріптермен, тактильді иллюстрациялармен 20 кітап шығару жоспарлануда. 2023 жылы кітапхана мамандары Төлен Әбдіковтың” Парасат майданы” және Асқар Алтайдың “Көкбөрі рухты суреткер” кітаптарын басып шығарды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *