ШҚО Тарбағатай ауданының білім беру саласында 18 жобаны іске асыру жоспарланған

Ақпараттық орталықтың брифингінде Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жоргекбаев ағымдағы жылы ауданда білім беру саласында 1,4 млрд теңгеге 18 жобаны іске асыру жоспарланғанын, оның ішінде 14 жоба бюджеттік, ал 4 жоба бюджеттен тыс екенін хабарлады.

“Осы жобалар аясында Шеңгелді ауылында 100 орындық мектеп салынады, Билялов атындағы мектеп-лицейінде күрделі жөндеу жүргізіліп, жиһазы мен қоршауы жаңартылады. Бұдан бөлек, Маңырақ және Тұғыл ауылдарының мектептеріне күрделі жөндеу, Шорға, Жаңаауыл, Жамбыл ауылдарының мектептеріне ағымдағы жөндеу жүргізіледі. “Балауса-балғын” балабақшасында да ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұның барлығы бюджеттік жобалар”, – деді Дархан Жоргекбаев.

Оның айтуынша, бюджеттен тыс жобалар аясында Қарасу ауылында жаңа балабақша салынып, мектепте жаңа робототехника кабинеті ашылады. Ақжар ауылының Абай атындағы орта мектебі NIS стандарты бойынша жабдықталса, Құйған ауылының мектебінде материалдық-техникалық база жаңартылады.

“Жаңаауыл, Жетіарал, Құйған ауылдарының мектептерін қайта жабдықтау жұмыстары басталды. Стандарттарға сәйкес келмейтіндер үшін жаңа мектеп ғимараттарын салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Тұғыл ауылындағы мектептің құрылысын аяқтау және пайдалануға беру мәселесі де бар. Осылайша, біз жүктеме мәселесін шешуді жоспарлап отырмыз. Бұл жоба 2024-2025 жылдары іске асырылатын болады”, – деді әкім.

Брифинг соңында ол Ақжар ауылында оқушылар сарайын салу және жаңа колледж ашу мәселесі қарастырылатынын атап өтті.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *