Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр

Риддер Жылу электр орталығындағы жөндеу-іске қосу жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізілуде.

Атап айтсақ, №1, 2, 3 қазандықтардың агрегаттарын жөндеу аяқталуға жақын, экрандардың беттері құрастырылып, орнатылып қойған. Сондай-ақ қазандықтар одан әрі жуып тазалау үшін сумен толтырылыпты. Риддер қаласының әкімі Дәулет Батырбаевтың сөзіне сенсек, жуу процесі бірнеше сағаттан екі тәулікке дейін созылады екен.

– Орталықтағы 1, 2, 3 қазандық агрегаттары бойынша жұмыстар аяқталды. Оларды суға толтырғаннан және жуғаннан кейін қазандықтарда қысым пайда болып, артынша оларды жағу басталады, – деп түсіндірді қала басшысы.

Ал мердігер ұйым өкілдері нысандағы барлық жұмыс кестеге сай жүргізіліп жатқанын айтуда. «DM Energy» ЖШС-ның бас инженері Қайрат Досанов бірінші қазандықта дәнекерлеу жұмыстары аяқталғанын, енді мамандар оны толтыратынын және одан әрі гидравликалық сынақтар жүргізетінін атап өтті.

– Жұмыстар уақтылы жүргізілуде. Ең алдымен үшінші қазандық агрегатын іске қосуға дайындап жатырмыз, құбыр жүйесін монтаждау бойынша жұмыстар аяқталды, іске Риддер ЖЭО эксплуатациялық персоналы да қосылуда. Мердігер болған соң біздің міндетіміз – қандай да бір кемшілік анықталған жағдайда оны жедел жою, – деп атап өтті «Перспективті технологиялар» ЖШС бас инженері Александр Матвиенко.

Барлық жөндеу-іске қосу жұмыстары аяқталғаннан кейін риддерліктердің үйлеріне жылу беріле бастайды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *