Шығыс Қазақстанда ауа райы бұзылып, жауын-шашынның соңы қарға ұласты

Салдарынан кейбір таулы аймақтарда тас жолдағы көлік қозғалысы қиындай түсті. Бірақ жергілікті билік табиғаттың тосын мінезіне дайын екен. Күн райы бұзылған сәттен бастап туындаған мәселелерді қолда бар техникалық ресурстарды қолдана отырып шешуде.

Риддер қаласының әкімдігінің мәліметі бойынша, қар аралас жаңбыр, тұман мен ауа температурасының күрт төмендеуі көлік қозғалысына қауіп төндіріп отыр. Осыған байланысты бүгін түнде қаланың жолдары мен жақын маңдағы тас жолдарды тазарту үшін арнайы техника жіберілмек. Сондай-ақ күндізгі уақытта күн жылынған соң жолдарға құм себіледі.

Алтай ауданында да осыған ұқсас жағдай. Әкімдіктің хабарлауынша, 29 қазан күні кешке қарай қар жауып бастады, ал таңертең 1-4 градус жылы болады деген болжам бар. Жергілікті билік техника жұмылдырып, сағат 22.00-ден бастап жолдарды тазартып жатыр. Одан кейін көктайғақтан қорғау үшін автожолдарға құм себіледі. Ал ауданнан шығаберісте полиция патрулі қойылды. Тәртіп сақшылары автокөліктердің жазғы шинамен жолға шықпауын және тіркемесі бар жүк көліктерінің қозғалысына қойылған шектеудің сақталуын қадағалайды.

Қабылданып жатқан шаралар жолдардағы қақтығыстарды азайтуға бағытталған. Бұл, әсіресе, түнгі уақытқа қатысты. Аймақ билігі ауа райының тосын мінезіне төтеп беруге барлық қолда бар күштерді жұмылдырды. Қазір жол қызметкерлері де, ТЖД бөлімшелері де белсенді жұмыс істеп жатыр.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *