Семейде 70 жастан асқан зейнеткерлер мен І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек үйге дейін жеткізіледі

Қала әкімдігі «Adal» супермаркеттерінің және «Adal-pharm» дәріханаларының желісімен бірлесіп қарттар мен мүгедектерге ең қажет заттарды үйге жеткізуді ұйымдастырды. 52-12-12 телефон нөміріне қоңырау шалып, тапсырыс беру жеткілікті. Жастар ресурстық орталығының еріктілері тамақ пен дәрілерді керекті мекен-жайға дейін жеткізеді.

– Тапсырысты аптасына бір рет жасауға болады. Байланыс орталығының мамандары өтініштерді таңертеңгі жетіден бастап кешкі 19.00-ге дейін қабылдайды. Сәуірдің екінші күнінен бастап бүгінгі күнге дейін 1200 өтініш қабылданды, – деді ақпараттық технологиялар бөлімінің бас маманы Үміт Кеңесбекова.

Зейнеткер Бибігүл Алпанова 70 жаста. Шектеулер енгізілгеннен кейін Бибігүл апай үйден шықпауға тырысады. Сондықтан да қарттар мен мүгедектерге үйге тамақ пен дәрі-дәрмек жеткізуді уақтылы шара деп санайды.

– Мен көрсетілген нөмірге қоңырау шалдым. Өзіме қажеттінің бәріне тапсырыс бердім. Еріктілер бәрін уақытында жеткізді. Менің ойымша, мұндай қиын уақытта біз үйде болуымыз керек. Солай біз өзімізді және жақындарымызды өорғай аламыз, – дейді зейнеткер.

Семей қаласының ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *