Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семейге жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында аймақ басшысы «Адал» дүкендер желісінің жұмысымен, Абай театрындағы жөндеу жұмыстарымен және орталық саябақты жаңғырту жұмыстарымен танысты.

ШҚО әкімі супермаркеттің жұмысына оң баға берді. 2 сәуірден бастап қала әкімдігі «Адал» супермаркеттерімен және «Адал-фарм» дәріханаларымен бірлесе отырып, қарттар мен мүгедектерге ең қажет заттарды жеткізуді ұйымдастырды. Ол үшін 52-12-12 нөмірі бойынша қоңырау шалып, тапсырыс беру жеткілікті. Азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді Жастар ресурстық орталығының еріктілері керекті мекен-жайға жеткізіп береді. Тапсырысты аптасына бір рет жасауға болады. Байланыс орталығының мамандары тапсырыстарды таңертеңгі жетіден бастап кешкі 19.00-ге дейін қабылдайды. Сәуірдің екінші күнінен бастап бүгінгі күнге дейін жалпы 1200 тапсырыс қабылданды.

Ал Абай атындағы театрда қазіргі таңда ойшылдын 175-жылдық мерейтойына арналған жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Театр директоры Яков Горельниковтың айтуынша, өткен жылдың қыркүйегінде жөндеу жұмыстарына қаражат бөлініп, театр әртістерінің суреттері салынған стендтер жаңартылып, ғимарат ағартылды. Сонымен бірге өрт қауіпсіздігі шаралары да күшейтілді. Сондай-ақ замануи дыбыстық және жарық жабдықтары сатып алынды.

– Біздің театрда мұндай үлкен жөндеу жқмыстары бұрын болған емес. Енді үлкен өзгерістер болады. Биыл театрды күрделі жөндеуге облыстан керекті қаражат бөлінді. Шатыр, баспалдақтар мен ғимараттың қасбетін жөндеу, сонымен бірге театр аумағын абаттандыру жұмыстары алда тұр, – деді Яков Горельников. – Жөндеудің барысын облыс әкімі, қала әкімі және облыстық мәдениет басқармасы қатаң бақылауға алады. Абайдың 175 жылдығына орай ең маңызды іс-шаралар біздің театрда өтеді, сондықтан да біз қонақтарды лайықты қарсы алуымыз керек. 

Театр ішінде де өзгереді. Екінші қабаттың фойесі де театр қонақтарын жаңа келбетінде қарсы алатын болады. Көрермендер залы да жаңартылады. Абайдың мерейтойына орай театр әртістері енді жаңа сахнаға шығады, қазіргі уақытта жұмысшылар жаңа еден жабынын орнатуда.

Жаңартулар сахна артында да күтілуде – гримерлік және дайындық бөлмелерінде де жөндеу жұмыстары өтеді. Театрдың шығармашылық құрамы ТЖ режимін енгізуіне байланысты әзірше мәжбүрлі демалысқа шықты. Бірақ жұмыс тоқтаған жоқ. 15 күннен кейін көрермендер онлайн-режимде «Ревизор» қойылымы тамашай алады. Облыс әкімі Даниал Ахметов театрдың түс гаммасына мұқият қарауды ұсынды.

– Түрлі-түсті бояулардың қажеті жоқ. Тек ұстамды түстерді пайдаланып, колористиканы сақтаңыз. Металл қоршауларды безендіруге де назар аударыңыз. Біз мұнда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткіземіз, сондықтан да дизайн мәселесі жақын арада шешіледі деп үміттенемін, – деді Даниал Ахметов.

Сапардың соңғы нысаны қазір қайта жаңартылып жатқан Орталық саябақ пен жаяу жүргіншілерге арналған көше құрылысын салу алаңы болды. Оны үш ай бойы Ыбыраев көшесінен Мәңгілік Ел көшесінің қиылысында жайғастыру жоспарлануда.

– Мұнда серуендейтін жастар: «Шетелде қандай әдемі» деп ойламауы керек. Сол әдемінің бәрін осында, өз қаламызда жасау біздің қолымызда. Бұл 300 метр Еуропадағыдай болуы керек. Ол үшін қаражат бізде бар, – деді Даниал Ахметов.

Осылайша, 1 шілдеде Семейде жаяу жүргіншілер көшесі болады. Облыс әкімі жергілікті атқарушы билікке заманауи қызықты дизайн жасауды тапсырды.

– Адамдар атмосфераның өзгеруін сезінуі керек. Бұған дизайнерлік шешімдер көмектеседі. 1 шілдеге дейін көшені жасау керек, – деп тапсырды облыс әкімі.

Орталық саябақты қарап шыққан Даниал Ахметов қайта қалпына келтіру жұмыстарының аяқталу мерзімі туралы сұрады. Солай, саябақ 1 маусымға дейін дайын болуы керек екені белгілі болды.

Жұмыс сапарының соңында Даниал Ахметов журналистерге берген сұхбатында облыс тұрғындарына үндеу жолдады:

– Егер біз өз балаларымызды және немерелерімізді сақтағымыз келсе, олардың бақытына қуанғымыз келсе, онда біз қатаң оқшаулауды сақтауымыз керек. Көлік санының айтарлықтай қысқаруына қанағаттанушылықпен қараймын, бірақ оны одан да қысқарту керек. Біз таңдаған әдіс оқшаулау сақинасын санаулы минуттарда қысуға мүмкіндік береді. Қалаға қажетсіз шықпай, сақтаныңыз – бұл коронавируспен күрестің жалғыз және басты әдісі.

Семей қаласының ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *