Семей қалалық әкімдігі қоғамдық көлік мәселелері бойынша түсініктеме берді

Жақында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің Instagram парақшасында қолданушылар Семейдегі қоғамдық көліктердің жұмысының мәселесін шешіп беруді сұрады.

Адамдар автобустардың жай-күйіне, ыңғайсыз бағыттарға және қоғамдық көліктердің жүру кестесіне шағымдануда.

Семей қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі проблемалар бар екенін жоққа шығармайды. Қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылданды.

– Ия, шынымен де, қоғамдық көліктің жұмысына қатысты сұрақтар бар, олар бақылауда және біртіндеп шешілуде. No9 және No24 маршруттардың қозғалысы тұрғындарды алаңдатады. Олар бойынша жұмыс кешенді түрде жүргізіледі.Біз жылжымалы құрам санын көбейтіп, рейдтер ұйымдастырып, айыппұлдар салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, қарбалас уақытта автобустарды жетіспейтін бағыттарға қосамыз.

Талаптарды орындамаған тасымалдаушылар үшін келісімшартты бұзғанға дейін қатаң шаралар қолданылады.

– Бүгінгі күні желіде 230-ға дейін автобус жұмыс істейді. Электрондық билеттің арқасында біз нақты уақыт режимінде жолаушылар ағынының барлығын көреміз, бұл біздің іс-әрекетімізді реттеуге мүмкіндік береді. Автобустардың саны күн сайын артып келеді. Қоғамдық көлік кестесіне қатысты шағымдар болды. Мұнда келісімшартқа сәйкес автобустар 21: 30-ға дейін тасымалдайды, – дейді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Серікқали Жұманов.

Сондай-ақ, қала тұрғындары ескі бағыттарды қайтарып, жол ақысының өсуіне жол бермеуді сұрайды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде атап өткендей, бүгінде өтінімдерді және белгілі бір маршруттарды енгізу бойынша зерттеу жұмыстары және тасымалдаушылармен тарифтерді ұстап тұру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Айта кету керек, Семей қаласы қоғамдық көліктерінде ең төменгі тарифтердің бірі сақталып отыр. Жол жүру қазіргі таңда 80 теңгені құрайды. Азаматтардың әлеуметтік жағынан осал санаттарының кейбірі ақысыз және жеңілдетілген жол жүру құқығына ие.

Семей қаласы әкімдігінің хабарлауынша, бүгінгі күні қалада 3 тасымалдаушы жұмыс істеп жатыр: «Taxomotor Park» ЖШС, «Semey Bus Park» ЖШС және «Semey Bus» ЖШС. Қоғамдық көлік бақылауда. Қала тұрғындарында кейбір сұрақтар туындап жатса, олар қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тікелей хабарласа алады.

Семей қаласынын ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *