ШҚО-да жаңа мектептер ашылады

2022 жылы Риддерде 600 орындық оқу орны пайдалануға беріледі. Семейдегі Восточный және Степное шағын аудандарындағы 1200 және 300 орындық екі мектеп бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын.
Айта кетейік, 6 мектептің құрылысы «Әр азаматқа лайықты өмір» атты «Nur Otan» партиялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Осы орайда, аймақ басшысы Даниал Ахметов Шығыс Қазақстанда апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілгенін, ал мектеп салу қажеттілігін нақты қарастыру үшін ауылдар мен кенттердегі оқу орындарының толтырылуына сапалы талдау жүргізу маңызды екенін атап өтті.
Бұл жұмысқа облыс әкімі бір апта уақыт берді. Мұндай талдау Бестерек ауылындағы мектеппен байланысты қателіктерді қайталамау үшін жасалады. Онда жап-жақсы үш қабатты ғимараттың жартылай бос тұрғаны анықталған болатын. Бұл мәселені зерделейтін комиссияға тек қалалар мен аудандардың әкімдері ғана емес, білім, экономика және бюджеттік жоспарлау, құрылыс басқармаларының өкілдері де кіретінін айта кеткен жөн.
Қазір мектеп құрылысының бірнеше жобасы әзірленуде, олардың екеуі облыс орталығында орналасатын болады. Жаңа шағын ауданда бір оқу орны салынады, екіншісі математика пәнінен дарынды балаларға арналған альма-матер болмақ. Сондай-ақ, жаңа мектептер Семейдегі Қарағайлы шағын ауданында, Аягөзде және Қасым Қайсенов кентінде пайда болады. Сонымен қатар, Урунхайка ауылында 80 орындық мектеп салу жобасына түзетулер енгізу жұмыстары жүргізілуде, өйткені мектеп құрылысының құны негізсіз қымбат болған.
Бүгінгі таңда облыста ағаштан және саманнан тұрғызылған 51 мектеп бар. Олар қанағаттанарлық жағдайда, дегенмен жаңаларын салу үшін нақты қай жерде қажеттілік бар екенін нақты анықтау қажет.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *