Семейде 9 мәдени ескерткіш жөнделеді

Осы жылдың наурыз айында Семей қаласының тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтаудың 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Осыған сәйкес,  9 тарихи және мәдени ескерткіштеріне жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл туралы АКҚ баспасөз конференциясында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина мәлімдеді.

-Т.Кәукенов мешіті; Метиз-фурнитура зауытының ғимараты (көпес Мусиннің бұрынғы диірмені); Насос  станциясының ғимараты; Өрт депосы;  Спорт мектебі (бұрынғы синагога); губернатор үйі (қазіргі облыстық тарихи-өлкетану мұражайы), пошташы Липухин үйі (Қазіргі ф. м. Достоевский әдеби-мемориалдық үй-мұражайы); Невзоровтар отбасы мұражайы; Бір мұнаралы мешітке қалпына келтіру жұмыстары жоспарлануда. Сонымен қатар, ШҚО әкімдігінің қаулысымен Мәңгілік Ел мен Шугаев көшелерінің қиылысында, Жеңіс саябағында орналасқан Әлихан Бөкейхановтың ескерткіші ескерткіштер тізіміне енгізілді, – деп хабарлады Назерке Аққожина.

Маусым айында қалалық мәслихаттың көшпелі отырысы өтіп, комиссия мүшелері қаланың төрт тарихи және мәдени ескерткішін аралады. Солардың бірі, 1918-1920 жылдары М.О. Әуезов тұрған, Академик Павлов көшесі, 70 мекен-жайында орналасқан үй. Онда құрылыс иесі шатырды жөндеу және жылу төсеу мәселесін шешуді сұраған.

Көпес Сахноның (“Бинар” қонақ үйі) 1900 жылғы үйінің тарих және мәдениет ескерткішіне келетін болсақ, мамандар ескерткіштің техникалық жай-күйін тексеріп, техникалық жай-күйі туралы акт жасады. Сондай-ақ бір ай ішінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды. Қазіргі уақытта меншік иесімен ескерткішті жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Қаланың тағы бір маңызды нысаны-Ұранхаев көшесі, 17 мекен-жайында орналасқан 1873 жылы салынған бұрынғы әйелдер гимназиясының ғимараты. Бүгінгі таңда ғимараттың меншік иесі “Semey mall”ЖШС болып табылады. Ағымдағы жылдың 25 ақпанында тарихи-мәдени сараптама жүргізуге бастамашылық жасалды.

– Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Шығыс Қазақстан облыстық комиссиясының шешімімен аталған ғимаратқа жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін беру мақұлданды, комиссия шешімі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы арнайы комиссияға келісуге жіберілді.

Бұдан әрі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы тарихи – мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссия отырысының 2021 жылғы 22 маусымдағы № 3 хаттамасымен жергілікті маңызы бар көпес сарайының тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін беру туралы шешім қабылданды.

Қазіргі уақытта осы ғимаратты тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізу туралы Шығыс Қазақстан облысының қаулысы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратында келісу сатысында тұр.

Сонымен қатар, бөлім балансына Жұмабаев көшесі, 17 мекенжайы бойынша орналасқан бір мұнаралы мұсылман мешітінің ғимараты берілді. Қазіргі уақытта қажетті қаражат бөлуге бюджеттік өтінім бере отырып, құқықтық меншікті белгілейтін құжаттарды дайындау бойынша жұмыс жүргізілуде.

Бүгінгі таңда бөлімнің бастамасымен Instagram-да @monuments_of_semey парақшасы құрылды, онда Семей қаласының барлық тарихи ескерткіштері туралы білуге болады. Сонымен қатар, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапхана аудиогид форматындағы izi travel платформасында қаламыздың ескерткіштер тізімін әзірледі және енгізді (үш тілде), барлығы 32 нысан енгізілді, 617 рет қаралды.

Сонымен қатар, бөлім QR – кодтарды пайдалана отырып, қала ескерткіштерінің картасын әзірледі.

Бөлім қызметкерлері күзет тақталарын тексеру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті органға ескірген қорғау тақтайшаларын ауыстыру бойынша қаланың қалалық ескерткіштерінің тізбесі жіберілді, — деп қорытындылады Назерке Аққожина.

Семей қаласының ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *