Өскеменде интернеттегі алаяқтықтың 41 фактісі ашылды

Ағымдағы жыл басынан бері Өскеменде интернеттегі алаяқтықтың 209 фактісі тіркелді. Оның ішінде 41-ы дер кезінде анықталып, тиісті шаралар қолға алынды. Бұл туралы ШҚО ақпараттық орталығында өткен брифинг барысында Өскемен қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары Ғалымбек Тұрысбеков мәлім етті.

– OLX сайтында – 38, колеса сайтында 82, онлайн кредит бойынша 63, инстаграм әлеуметтік желісі арқылы 26 тұрғын алданып қалған. Соған байланысты жедел-тергеу штабы құрылып, интернеттегі алаяқтық істерді әшкерелеумен айналысуда, – деді Ғалымбек Тұрысбеков.

Өскемен қалалық полиция басқармасы басшысы орынбасарының айтуынша, банктер болсын, құқық қорғау орындары болсын, еш уақытта сізге телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайды. Тіптен, қажет болған жағдайда, банк қызметкері сізге хабарласып, бар мәселені нақтылау үшін «біздің кез келген бөлімшемізге келіп кетіңіз» деп өтінуі мүмкін. Себебі телефон арқылы ондай мәселелер шешілмейді.

– Интернеттегі алаяқтық бойынша жауапкершілікке тартылған азаматтар 4000 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін айыппұл төлейді. Не болмаса, 4 жылға бас бостандығынан айырылады. Немесе, түзеу жұмыстарына жіберіледі, – деді Ғалымбек Тұрысбеков.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *