ҰБТ-ға биыл қандай өзгеріс енгізіледі

Биыл ҰБТ 20 маусым мен 5 шілде аралығында қатаң санитарлық-эпидемиологиялық ережелерге сәйкес өткізу жоспарланған. Биылғы жылы Ұлттық Бірыңғай тестілеудің жаңалықтары және тестілеуді сапалы өткізу үшін қабылданған шаралар туралы қалалық білім бөлімінің өкілдері айтып берді.

Биыл ҰБТ-ға қатысуға өтініштер 15 сәуір мен 10 мамыр аралығында қабылданды. Биыл өтініштер алғаш рет онлайн режимінде қабылданды.

ҰБТ биыл Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде 50% ғана оқушыларды толтырумен өтетін болады. Тестілеу 5 пән бойынша өткізіледі: 3 міндетті (математикалық сауаттылық, Қазақстан тарихы және оқу сауаттылығы) және таңдалған білім беру бағдарламаларына сәйкес 2 негізгі пән (бітірушілердің таңдауы бойынша). Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің тесттік базасы 30 пайызға жаңартылды. Сұрақтар логикалық ойлау, негізгі құзіреттілік пен түсіну деңгейін анықтайтын функционалдық сауаттылыққа бағытталған.ҰБТ-ның әр нүктесінде Апелляциялық комиссиялар құрылды, сонымен қатар Республикалық апелляциялық комиссия жұмыс атқарады. Педагогикалық мамандықтардың беделін арттыру мақсатында биыл Білім және ғылым министрлігі педагогикалық мамандықтар бойынша шекті баллды 70 баллға дейін көтерді. Басқа мамандықтар бойынша шекті деңгей 60 баллға дейін арттырылды.

– Биыл тестілеу уақыты 10 минутқа созылды. Яғни, егер бұрын балалар ҰБТ-ны 3 сағат 50 минутта тапсырған болса, енді ҰБТ-ны өткізу уақыты 4 сағатқа дейін ұзартылды. ҰБТ барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіледі. Дезинфекциялаушы тоннель мен кілемше, санитайзерлер болады, балаларға кіре берісте дене қызуын тексеруді ұйымдастырамыз, сондай-ақ балаларға кіре берістегі бетперделерді ауыстыратын боламыз. Балаларды металл іздегіштермен тексереміз. Егер балада ұялы телефон, калькулятор немесе тағы бір нәрсе табылған жағдайда, өкінішке орай, аудиторияға ол бала жіберілмейді. Оған акт толтырылады, яғни ол жыл бойы ҰБТ тапсыруға жіберілмейді. Осы жылы балаларға аудиторияларда калькуляторлар мен дистилденген су беріледі. Аппеляцияға көрші ғимаратта беруге болады. Жалпы қала бойынша ҰБТ өткізу үшін барлығы дайын, – дейді Семей қаласы бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пунктінің басшысы Болатбек Кожебаев.

Ата-аналарды ҰБТ өткізу пункттеріне кіргізбейді. Олар үшін онлайн-трансляция өткізілетін болады. Білім бөлімінің өкілдері түлектерді ҰБТ тапсыру кезінде академиялық адалдықты және барлық санитарлық нормаларды сақтауға шақырады.

Семей қаласының ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *